Госорганы
Ақпараттық «соғыста» жеңіліп жатырмыз — оңтүстіктің прокурорлары неден қорқады
Түркістан қаласында «Заң мен Тәртіп — қауіпсіз қоғамның кепілі» атты прокурорлардың форумы өтті. Оған жиналған Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласының аудандарындағы прокурорлар тіпті коучтардан сабақ алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форумда Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев сөз сөйлеп, аудан прокурорларының алдында тұрған проблемаларды атаған.
Оның айтуынша, бірінші мәселе заң мен тәртіп, яғни, заңның үстемдігі. Екінші мәселе — қауіпсіз қоғам орнату.
«Үшінші. Қоғаммен тығыз байланыс. Өңірлерде прокурор мен қоғамның байланысы ерекше маңызды. Аудан прокуроры — бұл заң орнататын басты тұлға, ол жергілікті халықтың құқықтарын қорғап, олардың әділеттілікке деген сенімін нығайтады. Кеше бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеуге қатысты тренингке қатыстыңыздар. Бұл бүгінгі күннің талабы. Көп жағдайда, ақпараттық «соғыста» шұғыл әрекет ете алмай, жеңіліп жатамыз. Әлеуметтік желідегі жалғыз бір ақпарат үлкен резонансқа әкеп соғуы мүмкін», — деді Қойгелдиев.