Антикор оқушылардың дәретхана қағазының жоқтығына қатысты шағымын тексереді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мектептерге дәретхана қағазын сатып алу кезінде ұрлық болуы мүмкін деген ақпаратты тексереді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жақында балалар омбудсмені Динара Закиева Түркістан облысының оқушылары дәретхана қағазы мен сабынның жоқтығына шағымданатынын айтқан еді. Ол керек-жарақ тек тексеру келген кезде қойылатын көрінеді.
Мәжіліс кулуарында журналистер Антикор төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловтан мектеп директоры немесе бухгалтері гигиена заттарын сатып алуға бөлінген қаражатты теріс пайдаланғанын тексеруге бола ма деп сұраған.
– Дәретхана қағазы туралы: біз әр қызметкерді әр дәретханаға бекіте алмаймыз. Бұл, бір. Әрине, бұл этикалық нормалар мәселесі. Егер мұғалімдер немесе мектеп қызметкерлері дәретхана қағазын немесе басқа гигиеналық құралдарды өзіне алып кетсе, онда мұндай қызметкерлердің құны көк тиын. Арызға келетін болсақ, мен оны көрдім. Тексерейік, — деп жауап берді Сарқұлов.
Ол гигиеналық заттарды сатып алу кезінде ұрлық фактілері расталса, кінәлілер жазаланатынын айтты.