Мангистауская область

«Ана болғым келеді»: Жаңаөзендік ерлі-зайыпты 26 жыл күткен баласын өмірге әкелді

Жаңаөзендік әйел Ақбаян Тілеуқұлова 26 жыл бойы балалы болуды аңсаған. «Ана болғым келеді» бағдарламасы қатысып, нәтижесінде ата-ана атану бақытына ие болды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жыл басынан бері журналист Ләйлә Сұлтанқызының «Ана болғым келеді» авторлық бағдарламасы көрерменге жол тартты.

Бағдарламаға «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына белгілі себептерге байланысты іліге алмаған, өз қаражатына бірнеше мәрте экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасауға талпынған, генетикалық дертке байланысты сәбилі бола алмай жүрген отбасылар таңдап алынды.

Ақтаудағы Экомед орталығында білікті дәрігер Айгерім Жарылғапқызы Ақбаян Тілеуқұлованың жүктілігінің дамуын ультрадыбыстық зерттеудің көмегімен бақылады. Іштегі шақалақтың жүрек қағысын естуге мүмкіндік болды. Бұл бақытты сәтті отағасы Сағынбай мырза 26 жыл бойы сабырмен күткен еді (отбасы өз қаражатына екі-үш мәрте ЭКО жасатқан, несие алған, үйлерінде өрт болған, бірақ ажырасу туралы мүлдем ой болмаған).

Фото: Jibek joly телеарнасы

Ата-ана бақытын сезініп, үлкен арманына қол жеткізген Ақбаян мен Сағынбай енді өздері де «Maryam» қайырымдылық қорына демеушілік көрсетіп, басқа жанұялардың бақытына себепші болғысы келеді.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ақбаян Тілеуқұлова ағымдағы жылдың 28 наурызында ана атанды. Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасының перзентханасында кесарь тілігі операциясы жасалып, ұл туады. Ұлдың салмағы – 2 950 гр, ал бойының ұзындығы – 51 см.

ЭКҰ бойынша барлық шығынды белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Ләйлә Сұлтанқызы өз мойнына алды. «Ана болғым келеді» жобасының арқасында 27 отбасына көмек берілді.

Еске салайық, 2024 жылдың қаңтарында Ажар Қабитова Астананың №2 перинаталдық орталығында үшемді дүниеге әкелді. Дәрігерлер 25 жастағы жас анаға кесарь тілігін жасап, босандырып алғанын жазған едік. Бүгінде көпбалалы ана жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздарын, 2022 жылы туған егіз балаларын және үш ұлды тәрбиелеп отыр.

Другие новости

Back to top button