Госорганы

Алтай Көлгінов: 4 бала туған әйелді зейнетке ерте жіберу аналардың өзіне тиімсіз

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының 4 бала тәрбиелеп отырған аналарды 53 жастан зейнетке жіберу туралы ұсынысына жауап қатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда зейнетақымен қамтамасыз етудің үш деңгейі де (ынтымақты, базалық, жинақтық) еңбек өтіліне байланған. Әйелдердің зейнетке шығу жасы – 61. 1998 жылы жинақтық зейнетақы жүйесіне көшкендіктен, зейнетке ерте шығу жеңілдіктері жойылған болатын.

Әлеуметтік кодекс аясында 5 және одан да көп бала дүниеге әкелген (асырап алған) және 8 жасқа дейін тәрбиелеп өсірген, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бар әйелдерге жасына байланысты зейнетке 53-ке келгенде шығу жеңілдігі сақталған.

Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан бергі еңбек өтілі үшін жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті жарна төлеп тұрған жағдайда жинақтық зейнетақы төленеді. Ынтымақты зейнетақы төлемін де, базалық төлемді ді тағайындау үшін еңбек өтілі жас баланың күтіміне жұмыстан босатылған кезде бастап есептеледі. Бірақ ол мерзім әр баланың 3 жасынан аспауы керек және жалпы жиынтығы 12 жылдан көп болмауы керек. Бұл перзентінің күтіміне байланысты жұмыс істемеген әйелдерге еңбек өтілінен уақыт жолғатпауға мүмкіндік береді», — деп түсіндіреді вице-Премьер.

Сондай-ақ, ол көпбалалы аналарға 53 жастан зейнетке шығу жыл сайын тиімсіз болып келе жатқанын айтады.

«Осылайша ынтымақты зейнетақы 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жасқа келгенде тағайындалады. Ал базалық зейнетақы 61-ге келгенде барып қосылады.

Бүгінде ынтымақты зейнетақының мөлшері жаңадан зейнетке шыққандар үшін жыл сайын төмендеп келеді. Оның орнын 1998 жылдан бері міндетті жарна ретінде аударылған жинақтаушы зейнетақы толтырып отыруы керек. Яғни, міндетті зейнетақы жарнасын аударған жылдардың саны неғұрлым көп болса, базалық зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болады. Осының бәрін ескерсек, 4 бала туған аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру оларды зейнетақымен ақылға қонымды деңгейде қамтуға мүмкіндік бермейді», — делінген жауапта.

Другие новости

Back to top button