Алмаз бұйым, қолсағат, Louis Vuitton сөмкесі: байлар өткізген бұйымдар аукционда өтпей тұр
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы былтыр мемлекеттік аукцион сайтында қымбат бұйымдарды аукционға шығарған. Алайда соның басым бөлігі өтпей қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САУДАҒА ШЫҒАРЫЛҒАН ҚЫМБАТ БҰЙЫМДАР
Мемлекетке қайтарылған активтерді сатып, бюджетке қаражатын бағыттауға қаржы министрлігіне қарайтын Қайтарылған активтерді басқару компаниясы жауапты. Компания десе де, қандай мүлік кімнен қайтарылғанын, ол нысандар немесе асыл бұйым қандай жолмен мемлекет меншігіне өткенін ашып айтпайды.
Мемлекеттік аукцион сайтында жақында осындай мүліктердің көз тартар бір шоғыры өткен айда саудаға шығарылған еді. Компанияның есебіндегі осы мүліктердің аукционы биыл бүгін, яғни 22 қаңтарда өткізілген.
МЕМЛЕКЕТ ҚАНДАЙ БҰЙЫМДАРДЫ САУДАҒА ШЫҒАРДЫ
Мемлекет саудаға шығарған бұйымдардың ішінде құны жүздеген миллионға баратын қымбат сағаттар, құнды сақиналар мен сырғалар бар. Атап айтқанда, 29 млн теңгеге «Frank Muller Geneve» қол сағаты (бастапқы бағасы), 85 млн теңгеге алмаздан жасалған зергерлік бұйымдар жинағы (2 сырға, тізбектегі кулон және 2 сақина), 3,8 млн теңгеге «DAMIANI» сақинасы мен екі сырғасы, 5,1 млн теңгеге алмаз және сапфирмен безендірілген сырға мен сақина, 1,3 млн теңгеге «Чалма» алтын сақинасы бар. Арасында Louis Vuitton Paris сөмкесі де тұр.
Осы бұйымдардың ішінде ең қымбаты – қолсағаттар. Мәселен, Ulysse Nardin Classic 789-80 маркалы мына бір сағаттың бастапқы құны 214 млн теңгеден басталған. Басқа қолсағаттардың да құны арзан емес. Breguet маркалы сағаттардың түр-түрі 3,5 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін саудаға шығарылған.
БІРДЕ-БІРІ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ
Аукционға шығарылған бұйымдар көпшілікке ашық және бәсекеге қабілетті шарттарда ұсынылған. Алайда олардың бірде-бірі өтпеді. Аукцион басталған кезде аукцион залында бірде-бір адам бұл бұйымдарды сатып алуға өтініш бермеген.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы дәл осындай 19 хабарландыру жариялаған. Бірде-бірі өтпей қалған.
Компания алдағы уақытта аукционға бұл бұйымдарды қайта шығарады.