Алматы

Алматыдағы автобустарда несие алып беретін делдалдардың телефон нөмірі өріп жүр

Заңсыз жарнаманың ілініп тұрғанынан 1 жылдан астам уақыт болған

Алматыдағы қоғамдық көліктердің ішінде белгісіз телефон нөмірі жаппай қаз-қатар ілініп тұр. Нөмірдің жанында «кредиты» деген жазу ғана бар. Azattyq Ruhy тілшісі бейтаныс телефон нөміріне хабарласып, жарнаманың артында қандай қызмет түрінің көрсетілетінін анықтап көрді.

«Біз несиенің екі түрін рәсімдеп бере аламыз. Біріншісі – тауарлық, екіншісі – қолма-қол қаражатты шығарып береміз. Яғни, банк арқылы. Мәселен, 1 миллион теңге тауарлық несиені рәсімдесеңіз, соның 30 пайыз ақшасын өзімізге алып қаламыз, қалғаны сіздікі. Бірақ сіз 1 миллион теңгенің несиесін пайызбен төлеуге міндеттісіз. Ал қолма-қол қаражат шығарып бергенімізді  қаласаңыз, біздің қызметіміз үшін несие сомасының 15 пайызын бересіз. Қазір сіз банкке барсаңыз кредит бермейді ғой, ал біз соның бәрін ұйымдастырып, келісіп беретін делдалдармыз. Қажет болса бізге жолықпай-ақ онлайн рәсімдеуге көмектесеміз», — деді тегін айтқысы келмеген Айбек есімді жігіт.

Алматы қаласы әкімдігінің  мобильділік басқармасы бұл автобустардың жекеменшік компанияға қарайтынын айтып, қандайда бір мәлімет беруден бас тартты.

Айта кетейік, автопаркті жеке кәсіпкер басқарса да қоғамдық көліктің барлық маршруттық сызбасы тікелей әкімдікпен келісіледі. Ал заңсыз жарнамаға «АвтоАлма-Транс» ЖШС біле тұра әдейі жол бермедік деп ақталып отыр.

«АвтоАлма-Транс» ЖШС – Алматы қаласы бойынша қалалық әкімшілікпен шарт негізінде жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жеке компания. Біз №95, 119, 65, 54, 8, 4, 33 маршруттарына қызмет көрсетеміз. Жұмыс барысында біздің компанияның маршруттық автобустарында күнделікті заңсыз жарнамаларға тап боламыз. Біздің рұқсатымызсыз белгісіз біреулер автобустарға жарнама іліп қояды. Күнде кешке автобустар көлік жууға кіргенде ілінген қажетсіз ақпараттар мен жарнамаларды толығымен тазартамыз. Өкінішке қарай, осы жағдай  келесі күні қайталанады. Біз бұл мәселені шешу үшін күн сайын әрекет етеміз», — деді «АвтоАлма-Транс» ЖШС.

Айта кетейік, мұндай заңсыз жарнаманы жариялап жүргендердің әрекеті 1 жылдан бері қоғамдық көліктің ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп келген. Автопрак басшылығы осы аптадан қалдырмай, полицияға шағымданамыз деп отыр.

«Автобустың ішіне заңсыз жарнама ілген адамдарға шара қолдану үшін ішкі бейнекамерадан суреттерін және бейне материалдарын қосып, осы аптаның ішінде полицияға шағым жазамыз», — деді «АвтоАлма-Транс» ЖШС.

 

Другие новости

Back to top button