Алматы

Алматыда такси жүргізушісі шетелдік азаматтан жолақыға 45 мың теңге алған

Германиялық азаматтың шағымы бойынша 45 жастағы тұрғын ұсталды

Көлік полицейлері шетелдік азаматты Алматы әуежайынан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне ілтеме жасап.

18 сәуірде Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуекомпаниясының Франкфурт – Алматы бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағымданған.

«Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған. Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 45 жастағы тұрғынын, жеке такси жүргізушісін анықтады. Ер адам германиялық азаматқа қоғамдық орындарда тиісіп, арбап, оған такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған», — делінген хабарламада.

Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеп берген.

«Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Германиялық азамат көлік полицейлеріне жоғары кәсібилік танытқаны және қаражатын кері қайтарып алуға үлес қосқаны үшін алғысын айтты», — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 15 970 азамат жауапқа тартылды. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 880 азамат анықталған. Оның 243-і – заңсыз такси жүргізушілері.

Другие новости

Back to top button