Алматыда S-Group қаржы пирамидасын құрған топқа қатысты тергеу басталды
Sincere System Group» (S-Group) компаниясының өкілдеріне қатысты қаржылық пирамида құрып, оны басқарды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, белсенді азаматтардың араласуымен компанияның қызметін ерте кезеңде тоқтатқан. Осылайша алданған инвесторлардың санын азайтуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді агенттік.
“S-Group компаниясының өкілдері салымшыларға айына 6%-дан 8%-ға дейін немесе жылына 70%-дан астам жоғары кірістілікке уәде берді. Депозиттің ең төменгі сомасы $100 құрайды. Сондай-ақ, салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5 пайызы көлемінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған»,- делінген хабарламада.
Бұл ретте клиенттерге ақшаны қабылдау фактісін растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған, салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «қамау түріндегі» бұлтартпау шарасы санкцияланды.
«Егер сіз және сіздің туыстарыңыз «S-Group» компаниясының қызметінен зардап шексе, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз»,- деп мәлімдеді агенттік.