ГлавноеГосорганы

Алматыда өртенген үйдің өртке қарсы қорғаныс жүйесі істемеген — ТЖД

Алматыда өрт шыққан үйде өртке қарсы қорғаныс жүйесі істемеген. Бұл туралы «Ақкент» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдегі өрт оқиғасы бойынша өткен баспасөз мәслихатынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Ерлан Әлібековтің айтуынша, көппәтерлі тұрғын-үйдің оңтүстік жағында өрт сөндіру техникасына арналған подъезд болмаған. Сол себепті сол жерде орналасқан пәтерлердің есіктерін қолмен сындырып, авто сатылар үшін жол ашуға тура келген.

«Бұл жұмыстарға біраз уақыт кетті. Айту керек, үйдің тұрғындарының барлығы кондоминиум өкілдері және олар инженерлік жабдықтардың, оның ішінде өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің ұқыпты сақталуына жауапты. Кешегі жағдай тұрғын үйдегі түтінге қарсы қорғаныс жүйесінің жұмыс істемейтінін көрсетті. Егер ол жұмыс істесе қабаттарды қатты түтін баспас еді», — деді Ерлан Әлібеков.

Ол сондай-ақ мұндай үйлерде апаттық шығу жолы ретінде 5-ші қаббатан бастап жоғары қабаттардың балкондарына дейін жалғасқан люктер болатынын айтты.

«Олардың барлығы жабық болды, егер ашық болған болса, жоғарғы қабаттардағы тұрғындар 5-ші қабатқа дейін түсіп, ары қарай біздің өрт сөндірушілер оларды эвакуациялайтын еді», — деді спикер.

Еске салсақ, біз бұған дейін 16 қабатты үйде өрт тұтанғанын хабарлаған едік.

Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.

31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген болатын.

Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.

Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.

Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанынхабарлады.

Өрттен зардап шеккен тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

 

Другие новости

Back to top button