Алматыда ерлі-зайыпты қарттарды қатыгездікпен өлтірген ер адам сотталды
Алматыда ерлі-зайыпты қарттарды қатыгездікпен өлтірген ер адам сотталды
4 қарашада Алматыда қарт ерлі-зайыптыларды өлтірген қылмыскердің соты өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушы маскүнемдіктен зардап шегетін адам немесе жалғыз тұратын қарттарды іздестіріп, оларға қамқоршы болу арқылы кейіннен мүлкін иемденіп қалуды көздеген.
«Ойындағы адамдарды табу үшін ол У. есімді танысының көмегіне жүгінген. Ол танысы өзі танитын полиция қызметкерінен жоғарыда аталған санаттағы азаматтар туралы мәлімет беруін сұраған. Полицей қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, қажетті мәліметтерді берген», — делінген Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.
Сотталушы ерлі-зайыпты зейнеткерлердің үйіне келіп, қамқоршылық туралы айтып, әйелмен байланыс орнатпақ болады.
«Бірақ оның келуін қорқыту ретінде қабылдаған әйел айғайлап, көмек шақыра бастаған. Біреу келіп қала ма деп қорыққан айыпталушы әйелді тұншықтырып өлтірген. Содан кейін әйелдің төсекте жатқан күйеуін көреді. Қария ауырып, шарасыз күйде болған. «Шақырылмаған қонақ» оны да тұншықтырып өлтіреді. Содан соң қылмыс орнынан бой тасалаған», — делінген сот хабарламасында.
Сотта анықталғандай, сотталушы жәбірленушілердің пәтеріне бара жатып, бастапқыда оларды өлтіргісі келмегенін, ол барлық әрекетті аяқ астынан жасағанын айтқан.
Сотталушылардың айғақтарынан белгілі болғандай, жәбірленушілерден алынған мәліметті ұсынса, тиісті органдар олардың мүлкін қайта рәсімдеп береді деп үміттенген.
«Сот ер адамды кісі өлтіргені үшін кінәлі деп тауып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ал У. қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Полицей қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды», — делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.