Алматы қаласы мен облысында 200-ден астам шетелдік көлік заңсыз тіркелген

«Ұрланған автокөлік немесе көлік бөлшектері бойынша тіркелген қылмыстық істер аясында тиісті орындар тексерілді. Бұл тұрғыда қосалқы бөлшектер сатылатын жерлер мен автокөлік базарлары тексеріледі. Сондай-ақ аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері автокөлік бөлшектерін сататын базарларда жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді», — делінген министрліктің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, биыл еліміздің бірқатар өңірінде шетелден әкелінетін көліктерді қазақстандық есепке заңсыз қою фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары атқарылған.
«Алматы қаласында шетелдік автомобильдердің тіркеу құжаттарын бұрмалау жолымен (Оңтүстік Кореядан әкелінетін: «К-5», «К-7», «Хундай Полисад» және «Тойота Камри-70») 2018 жылғы шығарылған көліктерді 2020 жылға ауыстыру арылы өзгерістер енгізе отырып, белгіленген бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін алымның белгіленген сомасын төлеуден жалтарып жүрген топ анықталды», — деп аталып өткен ІІМ мәліметінде.
Қазір Алматы қаласы полиция департаменті осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Атап айтқанда, Алматы қаласында және Алматы облысында 200-ден астам шетелдік көлікті заңсыз тіркеу фактілері анықталды. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.