Алматы полициясы Ақнәр Хамиттің құлаған видеосын резонанстан кейін зерттей бастады

Бүгін Алматы қаласының полиция департаменті биік үйдің 7-қабаттындағы пәтерінің терезесінен құлап, қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Хамиттің өліміне байланысты түсініктеме беріп, видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қалалық ПД-нің тергеу басқармасы өткен жылдың шілде айында Алматы тұрғынының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр», — деді полициядан.
Полиция департаменті марқұмның анасы Гүлістан Хамит өз қолымен жинап берген айғақтарды, бейнежазбаларды енді ғана зерттеуге кіріскен.
«Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылуда. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында. Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз», — делінген бейнехабарламада.
Құқық қорғау органдары соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатынын айтты.
Еске салайық, марқұм болған Ақнәр Хамиттің анасы Гүлістан Хамит қызын өлер алдында таныстары пәтерде әбден азаптағанын айтады. Ол Ақнәр терезеден өзі секіріп кетуі мүмкін деген болжаммен үзілді-кесілді келіспейді. Марқұмның анасы істің әділ тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жақында Бас Прокуратураға үшінші рет келген еді.