Алматы облысында өзеннен 4 жасар баланың денесі табылды
Алматы облысында Қаскелең қаласының өзенінен төрт жасар баланың денесі табылды. Ол судың жанында ойнап жүріп, ішіне құлап кеткен. Жақын жерде ата-анасы да болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңайдағы куәгерлер құтқарушыларды шақырып, олар баланы жарты күн бойы іздеген. Кешке қарай жоғалған баланың денесі Қаскелең өзенінің арнасынан табылды. Бүлдіршіннің денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жеткізілді. Нәрестенің неліктен қараусыз қалғаны айтылмаған.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою бөлімінің маманы Дархан Өмірәлиевтің сөзінше, қайғылы оқиғалардың басты себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы. Тек жыл басынан бері Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасында су айдындарында 12 жазатайым оқиға болған.
“Куәгерлердің айтуынша, 2020 жылы туған бала өзен жағасында ойнап жүріп абайсызда суға құлап кеткен. Оқиға орнына алты құтқарушы мен бір техникадан тұратын Республикалық жедел құтқару жасағы күштері мен құралдары тез арада жетті. Құтқарушылар дереу іздеу жұмыстарын бастады. Сағат 17:45-те баланың денесі табылды. Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті балаларды қараусыз қалдырмауды ескертіп, су айдындарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады”, – деді Өмірәлиев.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында Арнасай су қоймасында демалуға келген бүтін бір отбасы суға батып қаза тапқан еді.