Алматинская область

Алматы облысында мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберген әкімнің есімі белгілі болды

Журналист Диас Нұрақын мектепті қай әкім сатып жібергені туралы құжаттарды жариялады

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында 250 балаға арналған Ломоносов атындағы орта мектеп жекенің қолына 15 миллион теңгеге сатылып кеткенін хабарлаған еді. Кешке қарай журналист Диас Нұрақын мектепті қай әкім сатып жібергені туралы құжаттарды жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 

«Оны әкімдіктен басқа кім сатушы еді? Ол біреуден 15 миллион теңгеге алып, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 миллионға басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым», — дейді Мақсат Толықбай.

Депутаттың айтуынша, прокуратура «шамамыз келмейді» деген. Ол сот шағымдарын қабылдамай отырғанын айтты.
Толықбай бүгінде құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұратынын айтып, жағдайды бақылауға алуға сұрады.
Осыдан кейін журналист Диас Нұрақын мектептің қалай қай кезде сатылып кеткені туралы құжаттарды бөлісті.

«Төмендегі құжаттарға үңіліп көріңіз. Аумағы 75 сотық, жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын даңғарадай ғимарат расымен небәрі 15 млн 224 мың теңгеге сатылыпты. Сатып алушының арманы жоқ шығар. Мынадай ақшаға тауыққора тұрғыза алмайсың ғой мына заманда. Аудан әкімі сатылсын деген қаулы шығарып берген екен. Білім бөлімінің басшылары комиссия құрамында болыпты», — дейді ол.

Диас Нұрақын бөліскен құжаттарда төлемшінің аты жөні Шерхан Әлібекұлы деп көрсетіледі. Мемлекеттік нысанды Қарасай тұрғын үй құрылысы деген компания сатып алған. Шерхан Әлібекұлы деген азаматтың ЖСН-ына қарағанда ол 1998 жылы туған азамат.

«Қарасай тұрғын үй құрылысы ЖШС-ның теңгерімінде тұрған Қарасай ауданы Шалқар ауылы Абай көшесі 9 үй мекенжайында бос тұрған ғимаратты және алаңы 0,7500 га болатын жер учаскеісн сату мәселесі заңда белгіленген тәртіпке сәйкес сатылуға келісілсін», — делінген Қарасай ауданы әкімі міндетін атқарушы Ж.Тәжиев шығарған 2018 жылғы қаулыда.
Қаулының жүзеге асырылуына әкімнің орынбасары Н.Сатубеков деген шенеунік жауапты болған.

Ғимаратты кәсіпкерге өткізіп беруге келіскен және қабылдаған комиссияның құрамында Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Г.Т.Такимова, осы бөлімнің бас есепшісі Г.С.Шалапанова мен Қарасай тұрғын үй құрылысы компаниясының директоры Б.Б.Балтабеков болған.

Другие новости

Back to top button