Алматы облысында екі күн күйеуінен зорлық көрген әйел өзіне өзі қол салған
Абырой болғанда әйел аман қалды, қазір ауруханада жатыр
Соңғы үш күнде 2 әйел күйеуінен қорлық көріп, өзіне-өзі қол салған. Бір күнде 9 әйелден шағым түскен. Отбасылық жанжал жиілеп тұр дейді мамандар. Балаларға жасалатын әлімжеттік де көбейген. Бұл туралы Azattyq Rýhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ал бұл жағдай жұрттың жағасын ұстатты. Алматы облысында жаңа жыл кешінде ер адам 5 баласының көзінше әйелін аяусыз соққыға жыққан. Екі күн бойы таяқ жеген келіншек өзіне-өзі қол салмақшы болды. Артына хат жазып қалдырған.
Абырой болғанда, әйел аман қалды. Әпкесінің айтуынша, қазір ауруханада.
«Қазіргі жағдайы орташа ауыр деп айтты. Қазір ауруханадан келіп отырмыз. Бұрын болып тұрады екен. Бірақ бізге айтпаған, бір-екі рет айтқан, мән бермегенбіз ғой. Күйеуі бостандықта деді. Бүгін ауруханаға барған едік, меңгерушісі айтып жатыр, күйеуі оның мазасын алып жатыр деп. Өзінің сөйлеуге мұршасы жоқ», — әпкесі Бағдагүл.
Зорлық-зомбылық көрген әйелдер дағдарыс орталықтарында бас сауғалауға мәжбүр. Орталық директорының сөзінше, 6 күннің ішінде 15-ке жуық әйел хабарласып, көмек сұраған.
«Орталыққа шамамен жылына 400-ге жуық әйел келеді. Жыл басталғалы 15-ке жуық әйел хабарласты. Олардың барлығы алғашқы көмек алғанша, жағдайлары реттелгенше орталықта болады. Жалпы өз тәжірибемде 17 жасында өз еркінен тыс тұрмыс құрып, артынша 4 баласымен осында келген әйелді көрдім. Оның өзінде, күйеуі басын жарып тастаған соң ғана келді», — деді «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығының директоры Анна Рыль.
Құзырлылардың айтуынша, елдегі тұрмыстық зорлықтың 70 пайызы ішімдік ішудің салдарынан болады.
«Отбасылық құқықбұзушылықтар үшін 20 тәулікке дейін жауапкершілік көзделген болатын. Баптың нормасында 5 тәулікке шейін деген норма көрсетілген. Судья шешеді оны, 1 тәулік бере ме, 2 тәулік бере ме құзырындағы дүние болатын. Ал біз көрсетіп отырған нормада 5 тәулік. Яғни, 5 тәулік отырған адам қандай да бір шешім шығарады, ой түйеді», — деді Астана қаласы ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында әйелдерге қарсы тұр¬мыстық зорлық-зомбылық үшін жа¬за¬ны қатаңдатуды тапсырған болатын. Мамандар да әйелдерге күнделікті қайталанатын зорлық-зомбылыққа шыдап отырмай, құзырлы органдарға шағымдануға кеңес береді.