Алматы облысында балаларды ұрып-соғып, байлап кеткен ер адамға іздеу салынды
Алматы облысында балаларға шабуыл жасап, ұрып-соққан ер адамға іздеу салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтің хабарлауынша, кәмелетке толмағандарға шабуыл жасаған әрекет туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Күдікті тұлға анықталды. Оны құрықтау бойынша қажетті іс-шаралар қабылдануда. Аталған дерек бойынша облыстың барлық аудандық бөлімшелері мен өңірлік полиция органдары бағдарланды», — деді Б. Әленов.
Ол сондай-ақ басқа ақпарат қосымша берілетінің жеткізді.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде балалардың соққыға жығылғаны туралы видео тарады. Онда аяқ-қолы байланып, бет-аузы көгерген кішкентай ұл мен қыз баланың қатты шошынып, сөйлей алмай жатқан және оларға көршілерінің көмек көрсетіп жатқан сәті түскен. Балалар үйге әлдебір ер адамның терезеден кіріп, өздерін ұрып-соққанын айтады.