Алматинская область

Алматы облысында 100-ге жуық адамның атына несие рәсімдеген әйел ұсталды

Келтірген залал сомасы 100 млн теңгеден асады

Алматы облысында «банк қызметкерімін» деп, жұрттың атына несие рәсімдеп сан соқтырған келіншек қолға түсті. Бұл туралы  КТК арнасы.

Бір айдан аса іздеуде болған оны полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласынан тауыпты. Күдікті 100-ге жуық адамды тақырға отырғызған.

Бір ай бұрын Жамбыл ауданында күдікті талай жанға онлайн несие алдырып, алдап кеткен. Ол кепілдегі тұрмыстық техника мен әшекей бұйымдарды таныстары арқылы ақшалай шығарып беремін деп сендіріпті. Алайда не ақша, не тауарды көрмеген халық банктерге белшесінен қарызға батқан. Осылайша қос-қостан қарызы барлар енді пайдаланбаған несиені төлеуге мәжбүр.

Қулығына құрық бойламаған келіншектің арбауына 97 адам түскен. Олардың барлығы тұрмыстық техникаға тапсырысты әлгі қыз көрсеткен компанияға берген. Қолға түскен күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«Келтірілген залал сомасы 100 млн теңгеден асады. Қылмыстық іс тіркелгеннен кейін күдікті азаматша бой тасалауына байланысты іздеу жарияланды. 28 тамыз күні жедел іздестіру шаралары барысында күдікті әйел Нұр-Сұлтан қаласынынан ұсталды. Қазір қамауға алынды. ҚР ҚК 190-бап, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», — дейді Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары Жарқын Есжанов.

 

 

Другие новости

Back to top button