Алматы

Алматы автобустарында жол жүру ақысы қымбаттай ма

Алматы қаласында жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. Ашық НҚА порталында осындай ұсыныс жазылған әкімдік қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалалық қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға төлем тәсіліне байланысты сараланатын тариф келесі мөлшерде белгіленсін:

Жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе көлік картасы арқылы немесе мобильді қосымша арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 100 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 200 теңге», — деп жазылған әкімдік қаулысының-жобасында.

Қазір Алматы қаласында жол жүру құны мобильдік қосымшалар мен арнайы карта арқылы төлейтіндер үшін – 80 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлейтіндерге – 150 теңге.

«Соңғы 11 жылда тасымалдаушылардың шығындары барлық баптары бойынша құны айтарлықтай өсті. Мысалы, сол кезде дизель отынының құны 90 теңге болса, бүгінде – 295 теңге. Бұрын газдың құны 33 теңге, қазір – 108 теңге мөлшерінде. Бұл тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау көлеміне тікелей әсер етеді. Мәселен, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе – 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі – бекітілген тарифке сәйкес, шамамен 85,5 млрд теңге. Қоғамдық көліктегі тарифтің қолданыстағы құны сақталған жағдайда субсидиялау мөлшері жылдан-жылға ұлғаятын болады. Ол жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіреді», — деп түсіндірме берілген қаулы-жобасына.

Мәлім болғандай, егер жол жүру құны 100 теңге мөлшерінде бекітілсе, онда субсидия көлемі шамамен 10 млрд теңгеге қысқарады.

Құжат 21 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.

Другие новости

Back to top button