«Әлі айыппұл алып көрген жоқпын»: 40 жыл көлік жүргізген қазақ әжей өзі жайлы айтты (ВИДЕО)
40 жыл көлік жүргізіп, Франция телеарнасының жұлдызына айналған 75 жастағы қазақ әжей өзі жайлы сыр шертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оразхан Манабаева сөз басында туып-өскен, өмір сүріп жатқан жері туралы ой бөлісті.
«Мен – Абай облысы Үржар ауданының тұрғынымын. Осында 11 жылдық мектепті бітірдім. Одан кейін ата-анаммен бірге Аягөз қаласына көшіп келдік. Бойжеткеннен кейін Құралбек Райқұлұлы деген азаматпен басқосып, бірге өмір сүріп жатқанымызға 55 жылдың жүзі болып қалды», — дейді кейіпкеріміз.
Әжей сөзін жалғай отырып, темір тұлпарды алғаш тізгіндеген уақыты жайлы ой бөлісті.
«1984 жылы Аягөзде автомектепті оқып, 1985 жылдан бастап темір тұлпарды тізгіндеп келе жатырмын. Аллаға шүкір, осы 40 жыл ішінде әлі бір айыппұл алып көрген жоқпын. 35 жасымнан бері жүргізіп келемін. Алғашқы көлігім запарож болды. Ақсақал екеуіміз жақсы жұмыс істегенімізден кейін осы машинаны берді. Содан оны 6-7 жыл айдадым. Содан міне уақыт өте келе Toyota Camry 35 көлігін айдап жүрмін. 40 жылда 8 көлік ауыстырдым.
Немерелерімді мектебіне, шөберелерімді балабақшасына апарамын. Соның арасында көп емес, аздап-аздап такси болып жүремін. Тапқан тиын-тебенімді шөберелеріме шоколад сияқты тәттілерін алып беремін», — дейді әжей.
Сөзін жалғай отырып, күйеуі жайлы сыр шертті.
«Аталарыңыз КСРО заманында мықты мотор жөндеуші болған. Қазір сексеннің сеңгіріне келгеннен кейін көзі де аздап сыр берді. Қазір заман дамыды, жастар көбейді. Бірнәрсе болса көлік жөндейтін жерге барып, жөндетіп аламын. Көлік жүргізсем де әлі бір рет дөңгелек ауыстырып көрген жоқпын», — дейді Оразхан әжей.
Айта кетейік, осыған дейін 40 жыл көлік жүргізіп, такси болған 75 жастағы қазақ әжей туралы Франция телеарнасы деректі фильм түсіргені хабарланған болатын.