Денсаулық

Әлемде екі минут сайын бір әйел жатыр ісігінен қаза табады. Қазақстандағы жағдай қалай?

Қазақстанның кез келген қаласындағы қыз-келіншектер онкологтардың тегін тексеруінен өте алады

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда әйелдер арасындағы онкологиялық дерттер бойынша, жатыр мойнының обыры саны жағынан сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойнының обырына шалдыққан 1800 әйел тіркелсе, алты жүз келіншек осы дерттен айықпастан, көз жұмады, деп жазады Azattyq Ruhy.

Әлемдік статистиканы ақтарып көрсек, адам шошырлық фактпен бетпе-бет келесіз: әлемде 120 cекунд сайын, яғни, екі минут сайын бір әйел жатыр мойнының ісіген көз жұмады. Жыл сайын 600 мың келіншектен осы аты жаман дерт анықталса, 340 мың нәзік жанды дертінен айықпай, өмірімен қоштасады.

Бұл цифрларға қарап, Қазақстандағы кез келген келіншек тәуекел зонасында тұр деген қауіпті тұжырымдама жасауға болады. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрлігінің штаттас тыс бас  онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқармасының төрағасы, профессор Диляра Қайдарова үміт тудыратын бір мәлімет айтты: жатыр мойнының ісігі алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру екен. Яғни, басқа онкологиялық аурулардың алдын алуға ешқандай ғылыми негіз болмаса, келіншектер арасындағы осы жатыр ісігінің алдын алу болатын көрінеді.

«Қатерлі ісіктің бұл түрінің себебі көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін адам папилломавирусы (АПВ). Бұл ауру жатыр мойнының эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан әйелдерінің арасында ең көп тараған онкологиялық аурудың бірі осы – жатыр мойнының қатерлі ісігі. Дертке шалдығатын әйелдердің ең жоғарғы жасы 40-44 жас аралығы»- дейді Диляра Қайдарова.

Жалпы, мамандардың айтуынша, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойнының алдын алуға болатынын және профилактиканың үш кезеңі бар екенін жария еткен.

«Алғашқы профилактика — бұл 9-14 жас аралығындағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау. Қыз бала бұл жасына дейін осы вирусты жұқтырмаса,  15 жасында  да, 20 жасында да вакцинациялауға болады. Қазір бүкіл әлемде ұлдарды вакцинациялау басталды, өйткені ұлдар осы вирусты тасымалдайтын адамдар және ол тек ұл баладан қыз балаға жұғады», — дейді Диляра Қайдарова.

Дәрігер бұл аурудың алдын алудағы тағы бір аса маңызды мәселені көтеріп отыр — елімізде 30 жастан асқан әрбір әйел онколог пен гинеколог дәрігердің қаралуынан өту керек.

«Қазақстанда бұл бағдарлама жұмыс істейді. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында әрбір әйел өз емханасына барып, тегін скринингтен өте алады. Ауруды барынша ерте анықтаса, ем де соншалықты жақсы нәтиже береді» — Диляра Қайдарова.

«ЖАҢА ЖҰМЫС МЕДИЦИНАЛЫҚ АНЫҚТАМА ТАЛАП ЕТПЕГЕНДЕ, ӨМІР СҮРУІМ ЕКІ ТАЛАЙ ЕДІ»

Осы ретте біз Астана қаласындағы онкологиялық диспансерге барып, сол жерде тіркеуде тұрған, ем қабылдап жүрген әйелдерді сөзге тарттық. Әрқайсысының көзінде үрей, бірақ, емхана табалдырығын тозыдырып, шырылдап жүргеніне қарағанда, әрине, әркімнің де дертті жеңіп, толыққанды өмір сүруге деген құлшынысын анық байқауға болады. Біз онколог-гинеколог дәрігердің кезегінде отырған жап-жас келіншекті сөзге тартып көрдік. Есімін айтты, бірақ, түрін көрсетуден үзілді-кесілді бас тартты. Алайда, өзінің бастан кешкен оқиғасы бәлкім біреуге сабақ болар деген үмітпен, «айтқандарымды айна-қатесіз жеткізсеңіз» деген тілегін білдірді.

«Есімім Жанбота. Жолдасым екеуміздің он жасар қызымыз бар. Екеуміз де орта білімді, орташа табысты адам болған соң, аздап материалдық жағдайымызды жақсартайық деген оймен міне он жыл бала көтермей келемін. Отыз бес жастамын. Жолдасым құрылыста жұмыс істейді, мен біресе кондитер, біресе сатушы, жалпы, осындай қызмет көрсету саласында әртүрлі жұмыс істедім. Карантиннан кейін бір жылдан астам уақыт жұмыссыз отырған соң, 2021 жылдың соңына таман жұмыс іздеуге кірістім. Диплом талап етпейтін, бірақ жұмыс кестесі мен жалақысы жақсы жерден жұмыс таптым. Яғни, елдегі ірі сауда желілерінің бірінді бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік демалатын болдым. Негізгі жұмысым – ірі супермаркет ішінде құймақ, бәліш сияқты тағам түрлерін пісіріп, сату. Тікелей тамақпен жұмыс істейтіндіктен, жұмыс орным медициналық анықтама алып кел деді. Және бұған дейін медициналық анықтаманы сатып әкелген сатушының бірі науқас екенін білген соң анықтаманың растығына көз жеткізбей, жұмысқа алмаймыз деді. Жұмыс орны қатты ұнаған соң, емханаға бардым. Міне, сол сәттен бастап өмірімде «тозақ» пайда болды», — дейді жасын сығып алған жап-жас келіншек.

Оның айтуынша, бұған дейін ешбір жері ауырмаған. Соңғы рет дәрігерге он жыл бұрын, яғни, қызын босанғанда қаралған. «Денсаулығымызға селқос қарайтынымыз соншалық, осы он жылда тым құрығанда бір анализ тапсырмаппын»,-дейді өзін жазғырғандай болған Жанбота. Және ол әуел баста жергілікті емхана мамандарының айтқан диагнозына сенбей, емхана дәрігерлері біліксіз деп ойлап, біраз ақшасын жұмсап, тағы тексеруден өткен.

«…ойымда түк жоқ, желтоқсанның әдемі бір аязды таңында емхана барып, терапевт дәрігерге қаралдам. Ол кісі әйелдер жұмысқа орналасқан кезде өтетін стандартты тексеру қағазын қолыма ұстатты. Қосымша қан анализіне, ультрадыбыстық зерттеулерге жолдама берді. Яғни, бәрін тегін өте аласыз ғой деп, толық тексеріліп алыңыз деді. Ертеңінде анализ тапсырдым, жұқпалы ауруларды тексеретін дәрігерге, гинеколог маманға, тағы бірнеше салалық дәрігерлерге қаралдым. Шамамен бір апта ішінде толық анализдер тапсырып, ультрадыбыстық тексеруден өтіп, терапевтке бардым. Ол кісі мені бірден онколог маманға жіберді: анализдеріңізде күмәнді деректер бар деді. Қайтадан ультрадыбыстық тексеруден өтіп, онколог, гинекологтың қабылдауына бардым. Гинеколог маман «Сіздің жатырыңызда ісік бар сияқты, онколог маманды шақырайықшы» дегенде төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей, «о не дегеніңіз, мүмкін емес» дедім. Бірақ, онколог маман бүкіл зерттеулерімді алып, жатыр мойнында екінші немесе үшінші сатыдағы обыр бар екенін, шұғыл түрде онкологиялық диспансерге бару керек екенін айтты. Емханадан қалай шыққанымды білмеймін, үйге келіп тұп-тура екі күн мелшиіп жаттым», — дейді Жанбота.

Оның айтуынша, әуел баста қызы мен жолдасына тұмау тиіп тұр деп, жалған айтқан. Ақыры, оңаша қалғанда, жолдасына дәрігерлердің айтқанын жеткізген.

«Күйеуім таң атқанша ұйықтамай, ертеңінде мені осы онкологиялық диспансерге алып келді. Бірден қабылдауға жазылдық, тағы бірнеше анализ тапсырып, онколог-гинекологқа келдім. Ол кісі абырой болғанда ісік екінші сатыда екенін, сондықтан, бірден ем бастайтынымызды, менің өте жас екенімді айтып, саулық тіледі. Міне, сол 2021 жылдың желтоқсанынан бері 2023 жылдың қаңтарына дейін бір операциядан, химиятерапиядан өттім. Қазір кезекті анализдер тапсырып, ісік толық кетті ме, жоқ па анықтаймыз. Жалпы, жағдайым әзірге жақсы, болашақтан, жазылып кететініміннен үмітім зор. Және менің басты айтпағым – қыз-келіншектер он жылдап, тіпті, жиырма жылдап дәрігерге бармай жүре береміз. Бұл дегеніміз – денсаулық бізге керек жоқ деген сөзбен бірдей. Егер мен жаңа жұмысқа бармайтын болсам, бұл ауру әбден асқынып, қазір бәлкім мен өлімнің алдында жатар едім», — дейді Жанбота.

Ал, онкологиялық диспансерден әйелінің құжаттарын алуға келген Рашид болса, ауыр хәлде жатқан жарын шетелде емдеткісі келеді. Бірақ, дәрігерлер ауру әбден асқынып кеткенін, метастаздар емге көнбей, әйелдің бауыры сияқты аса маңызды органына дейін өтіп кеткенін айтқан.

«Біз Павлодар облысынан келдік. Астанаға келуге мәжбүр болдық. Екібастұз қаласында өмір сүретін қарапайым отбасы едік. Екі ұлымыз бар. Үш жыл бұрын әйеліме дәрігерлер омырауыңызды тексертіңіз деп жолдама берген. Бірақ, әйелім бармады. Ал, былтыр, яғни, 2022 жылдың сәуірінде әйелім қатты ауырып, құсты. Әуел баста қалжыңдап, аяғы ауыр шығар дедік. Бірақ, түрі бозарып, ыстығы түспеді. Ауруханаға бардық. Екібастұз қаласының емханасы «омырауында ісік бар деген қауіптің деңгейі 80 пайыз» деді. Бірден не Павлодарға не Астанаға барыңыздар деді. Шұғыл Астанаға келіп, Ұлттық онкология орталығына қаралдық. Дерті расталды. Омырауындағы ісік үшінші сатыдан төртінші сатыға өтіпті. Тегін ем-дом алсын деп дәрігерге тіркеуге қойып, Манас көшесінің бойыншағы онкологиялық диспансерге тіркеді. Бірақ, әйелім ешбір емді көтере алмады. Қаны аз, организмде ауыр-ауыр химиятерапияны көтеретіндей әл жоқ, бірақ, әйтеуір күресіп жатырмыз. Сәуірден бері алған ем нәтиже берді деп айта алмаймыз. Ісік ерікке көнбей, органдарына шауып жатыр. Білмеймін, бәлкім жылу жинап, Түркия еліне барамыз ба деген жоспар бар», — дейді Рашид.

Айта кетейік, ресми статистикаға сүйенсек, Павлодар облысы онкологиялық науқастардың саны бойынша елдегі көшбасшы үш өңірдің бірі. Облыста жыл сайын 2000-ға жуық адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады.

«АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ҚАНШАМА КЕЛІНШЕКТІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРА АЛАТЫН ЕДІ…»

Міне, онколог Диляра Қайдарованың айтуынша, адам неқұрлым ерте қаралса, соғұрлым медициналық көмек те пайдасын береді деген үміт зор.

Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі мен онколог маман 28 қаңтар күні Қазақстанның барлық аймағында өтетін ашық есік күніне келіп, онколог және гинеколог дәрігерлердің консультацияларын алуға кеңес береді. Қазақстанның қалаларында ашық есік күні өтетін емханалардың мекен-жайы мен байланыс нөмірлерін мына сілтеме арқылы білуге болады.

Другие новости

Back to top button