ГлавноеГосорганы

Әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет – Тоқаев

Aстанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының отырысы өтті

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Онда әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде қабылданған Декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді.

«Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады. Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер ушығып тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр», – делінген Мемлекет басшысының үндеуінде.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев та диалог алаңының бірегейлігіне назар аударды. Ол Съезге беделді саяси және қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйым басшыларының қатысуы үлкен маңызға ие екенін айтты. Сол арқылы Форум ашық әрі әділ дінаралық диалог алаңы ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық пен түсіністік негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік береді.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогты бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріптейді. Қазіргі таңда арандатушылардың өздерінің теріс пиғылдары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді. Сондықтан біз айтқан құндылықтар бейбітшілікті және жаңа әлемдік тәртіптің берік негізін қамтамасыз етеді. Бұл проблеманы шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары өте маңызды рөл атқарады», – деді Мәулен Әшімбаев.

 

Другие новости

Back to top button