Госорганы

Алдағы үш жылда елімізде 500-ден астам мектеп пайдалануға беріледі – Алтай Көлгінов

Үкімет басшысының орынбасары мектептердегі орын тапшылығы 250 мыңнан асатынын айтты

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында елдегі білім саласындағы проблемаларға қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

Алтай Көлгінов  мектептердегі орын тапшылығы 250 мыңнан асатынын, үш ауысымды 142 мектеп бар екенін ашық айтты. Одан бөлек, өңірлерде апатты, өткен ғасырда саманнан салынған мектептер бар екенін де жасырмады.

«Бұл проблемаларды шешу керек. Осы уақытқа дейін жасалып жатқан жұмыс әлі толық нәтижесін берген жоқ. Алайда жүйелі шаруалардың нәтижесінде бұл саладағы проблемалар азайып келеді, оны да айту керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдады, үкіметке тапсырма берді, тиісті қаражат бекітілді. 2 трлн 60 млрд теңге тек мектептер салуға 2023-2024-2025-2026 жылдарға дейін қаражат қаралды. Бұл жоба аясында 400-ден астам жаңа мектеп пайда болады. Мұның барлығы жаңа талаппен, жаңа стандарттармен салынады, оқушы мен мұғалімге барлық жағдайы жасалатын болады. Жобалау жұмыстары әкімдіктермен бірге қызу жүріп жатыр, жобалау операторы болып «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры» ұлттық компаниясы бекітілді», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Алайда бұл 400 мектеп мәселені толықтай шешпейді. Вице-премьердің айтуынша, тағы да қосымша қаражат көздерінің есебінен үш жылдың ішінде 100-ден астам мектеп салынады. Мұның барлығы, бұрынғыдан бөлек, 1,5 млн оқушыны қамтитын болады.

«Бұл — үлкен әрі қыруар жұмыс. Мектептердің құрылысы, сонымен қатар экономикамызға да пайда әкеледі. Жұмыс орындары ашылады, шағын және орта кәсіплорындар саны көбейеді, құрылыс, жиһаз жасау салалары ілгерілейді. Мұның барлығы біздің экономикамызды жандандырады», — деді Алтай Көлгінов.

Ол негізгі көздеп отырғанымыз – проблемалық мектептердің мәселесін шешу екенін еске салды. Ал бұл шешілер. Сонша мектеп салынғаннан кейін, оқушылар қабылданғаннан кейін, оларды кім оқытады? Премьер-министрдің орынбасары бұл сауалды да толықтырды.

«Мұғалім тапшылығы қазірдің өзінде бар. Демек, алдымызда тұрған тағы бір міндет – педагог тапшылығын жою. Респуьлика аумағында арнайы педагогикалық бес ЖОО бар. Одан бөлек, өңірлердегі университеттерде факультеттер бар. Коллдедждер бар. Біз соның барлығында мамандарды даярлап, мектептерге жіберуіміз керек. Бәрімізге белгілі, соңғы үш жылда Мемлекет басшысы ұстаздардың мәртебесі туралы заңды қабылдап, көптеген жұмыс атқарылды. Мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен 100 пайызға көтерілді. Ендігі мақсат – сол мұғалімдердің сапасын арттыру», — деді Алтай Көлгінов.

Другие новости

Back to top button