Госорганы

Алдағы 5 жылға арналған Жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді

 2023-2027 жылдарға арналған Жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұжырымдама 6 бөлім және 7 тараудан тұрады. Онда қазіргі жастар арасындағы өзекті мәселелер, оларға әлеуметтік желілердің әсері, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы талдаулар мен ұсыныстар қамтылған.

«Жастар саясатының тұжырымдамасы егеменді Қазақстанның жаңа сын-қатерлері тұрғысынан жастардың өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған процестерді қамтиды. Сондай-ақ жастарды қоғамға әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан интеграциялау саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды. Қазақстанның ұлттық экономикасының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі іс жүзінде адами капитал тұрғысынан республиканың болашағына салынған стратегиялық инвестициялар болып есептелетін жастардың даму жағдайына тікелей байланысты», — делінген құжатта.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына қарағанда, тұжырымдамадағы жоспарларды кезең-кезеңімен орындау сапалы жастар саясатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Тұжырымдама жастар саясаты саласындағы іс-қимылдардың бірыңғай алгоритмін құруға, құқықтық алаңда бекітілген жастар әлеуетін іске асыруды ынталандыру тетіктері мен құралдарын қайта қарауға және өзектендіруге мүмкіндік береді», — деп түсіндірме берілген тұжырымдаға.

Ведомство болжамынша, тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2027 жылға қарай кәсіпкерлікті дамыту жобаларына қатысатын жастардың үлесі 10% дейін артпақ. Бұған қоса, NEET санатындағы жастардың санын 5,8% дейін төмендету жоспарланған.

Құжатта қамтылған ұсыныстар мен жоспарлар туралы мына сілтеме арқылы өтіп, толық танысуға болады.

Теги:

Другие новости

Back to top button