«Әкімнің келіні халықтан алған ақшаны қайтарып берсін»: Жетісайлық көпбалалы анна желі арқылы жанайқайын жеткізді
Ал әкімнің келіні өзіне жала жабылғанын айтады
Түркістан облысындағы Жетісай қаласында тұратын көпбалалы ана жанайқайын жеткізді. Әйелдің айтуынша, қала әкімінің келіні өзі секілді алтын құрсақты аналарға атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттен қайтарымсыз грант шығарып беремін деп халықтың ақшасын алған. Бірақ уәдесінде тұрмаған көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғыны Динара Қазыбекова әділдік іздеп, видеоүндеу арқылы жанайқайын жеткізді. Бейнежазбаны ТікТок қолданушысы өз парақшасында жариялады.
Әйелдің айтуынша, қала әкімі Тұрышбек Елшібаевтың келіні аудандық жұмыспен қамту орталығында істейді. Көпбалалы ананың бөлесі Нұрлыбек Ордабековпен бірге әкімнің келіні Ақбота Сартаева үйіне келіп, уәдесін үйіп-төккен көрінеді.
«Ақбота Сартаева «өзіңіз сияқты көпбалалы аналар болса, атаулы әлеуметтік көмек пен қайтарымсыз грант шығарып беремін» деп айтты. Бірақ ол үшін алдын ала ақшасын берсе ғана шығарамын деді. «Анау-мынау адам емеспін, әкімнің келінімін. Алдап кетпеймін» деп уәде етті. Мен бұл туралы көршілерім мен араласып жүрген келіншектерге айтып, 20 шақты әйелдің құжаты мен ақшасын әкімнің келіні алып, АӘК шығарып берді», — дейді келіншек.
Кейіннен әлеуметтік көмек алған әйелдер бұл туралы өз таныстарына айтқан көрінеді. Содан 60 адамның құжаты мен ақшасы жиналған. Бірақ уақыт өтіп, айтылған уәде орындалмапты. Осылай деген көпбалалы ана әділдік іздейтінін айтты.
«Әкімнің келіні халықтан жиналған 8 миллион теңгені қайтарып берсін. Әділдік болғанын қалаймын. Әкімнің өзінің де, келінінің де аудиолары мен ақша алғаны туралы дәлелдер бар. Мені үгіттеп, үйімнен талай шайымды ішіп жүрді. Халық та ақымақ емес қой», — дейді ол.
Динара Қазыбекованың айтуынша, күйеуімен бірге бұл мәселені айтып қала әкімінің өзіне де барған. Ал Елшібаев «мәмілеге келейік» деп құрғақ уәдеге сендірумен келіпті.
Ал Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаев бұл жағдайдан хабары бар екенін айтқанымен, көпбалалы ананың сөзін жала деп отыр.
«Қала тұрғыны ретінде маған келді. Мен оған «Ертең сағат 10-да жолдасың мен бөлеңді ертіп кел. Мен келінімді шақырамын. Медиаторлық жолмен ақ-қарасын шешейік» дедім. Бірақ сол күйі келмеді. Кейін келіншектің адвокатымын деп біреу хабарласты. Оны да шақырдым. Ол да келмеді. Арада біраз күн өткен соң жұмысқа Динараның күйеуі келді. Оған бәрін түсіндірдім. «Келінім анық айыпты болса, заң аясында жауап береді. Кінәлі болса, соттап жіберсін. Қарсылығым жоқ» дедім. Қайта-қайта мені араластыруын тоқтатпаса, сотқа беретінімді де айттым», — деді әкім.
Тұрышбек Елшібаевтың айтуынша, келіні қолында тұрмайды. Оның үй-жайы бөлек. Аудандық жұмыспен қамту орталығында істейтіні рас. Осы жағдайдан соң келіні жылап-еңіреп, тіпті шаңырағы шайқала жаздапты.
«Келіннен сұрағанымда «Араласпаңыз, ұялып жүрмін. Тазамын. Ол бұған дейін де осылай адамдарды алдаған екен. Сотта ақ екенімді дәлелдеп беремін. Сәл шыдаңыз» деп айтты. Енді естіп отырмын, ол келіншек бұған дейін екі рет сотты болған екен. Келініме сотқа барып, шешіп алыңдар дедім. Менің кінәм келіннің қайын атасы әрі әкім болғаным ба? Мен оның үйіне бармасам, ақшаны алмасам, неге мені араластырады? Таза болса, алдыма шақырдым. Беттестірмек болдым емес пе?», — деді қала әкімі.
Шенеуніктің келіні Ақбота Сартаева да көпбалалы ананың айтқандары қып-қызыл жала деп отыр. Оның айтуынша, бұл шудың шыққанына бір жылдан асқан. Өзі Динара Қазыбекованың үйіне бармақ түгілі, оны бұрын-соңды мүлдем көрмегенін алға тартты. Өткен жылдың шілде айына көпбалалы ананың бөлесі Нұрлыбек Ордабеков келіншектің жұмыс орнына келіп, құжатын ұсынып, атаулы әлеуметтік көмек бойынша базадан қарап беруін сұраған екен. Бірақ ер кісі әкесінің жеріне үлескер болғандықтан, АӘК шықпайтынын айтқан.
«Ол кезде АӘК бөлімінде істейтінмін. Қайтарымсыз грант дегенге мүлдем қатысым жоқ. Тіпті қалай берілетінінен хабарым жоқ. Қазір басқа бөлімдемін. Үйіне барып, 8 миллион алып кетпек түгілі мен оны бұрын-соңды көргенім жоқ», — деді әкімнің келіні.
Биыл Ақбота Сартаева тергеуге шақырылыпты. Бірақ қылмыстық іс дәлелдердің болмауына байланысты тоқтатылған.
«Биыл қаңтар айында ол (көпбалалы ана — ред), қателеспесем, бірнеше әйелден грант әперемін деп ақша алыпты. Олар наурызға дейін күтіп, болмаған соң арыз жазған. Ол кезде мені тергеуге шақырды. Динараның айтуынша, ол жәбірленушілерден алған ақшаны маған беріпті. Мен оны мүлдем танымайтынымды айттым. Жәбірленушілермен беттестірді. Олар да мені танымайтынын, ақшаны Динараға бергенін айтты. Шынымды айтсам, мен ол әйелді тергеуге шақырылған кезде бір-ақ көрдім. Іс сотқа өткен. Кешегі жұма күні үкім шығыпты. Үш жылға шартты түрде сотталды деп естідім», — деді ол.
Үш баланың анасы Ақбота Сартаева аудиожазбалар мен дәлелдері барын айтқан көпбалалы ананың неге оларды сотқа өткізбегеніне таңғалып отыр.
«Меніңше, бұл келіншек қайын атамның есімі аталса, жүгіріп келіп, ақшамен аузын жабады деп ойлаған шығар. Тіпті сенесіз бе, ол осы жағдайдан кейін 20 адамның құжатын беремін, соларға грант шығарып бересің деп те қорқытты. Мен оны қалай жасаймын? Ол менің қолымда емес. Бұл кісіні түсінбей отырғаным, мүлдем қатысы жоқ қайын атамды тықпалап отыр. Маған 8 миллион бересің дейді. Мен алмасам, ішіп-жемесем, не үшін беруім керек? Бір сөзінде ақшаны таксимен салып жібергенмін деді. «Нөмірін жазып алған шығарсың, іздеп табайық» дегенмін. Кейін дүкеннің алдында алдың деп отыр. Қай дүкен? Қай күні? Қазір көшенің бәрі толған бейнебақылау камералары. «Ақтарайық, видеосын табайық» деп айтқанымда дәлел келтіре алмады», — дейді Ақбота Сартаева.
Әкімнің келіні көпбалалы ана Динара Қазыбекованың үстінен сотқа арыз жазуды көздеп отыр. Қайын атасы Тұрышбек Елшібаев та көпбалалы ана жапқан жаласы үшін жауапқа тартылуы керек дейді. Ол да сотқа шағымданатынын айтты.
«Арыз түсірмесе болмайды. Себебі абыройыма нұқсан келтіріп отыр. Бүкіл елге ұятқа қалдырды. Мен бұған дейін «мені неге қосасың?» деп ескертпедім емес, ескерттім. Заң алдында бәріміз теңбіз. Өз құқығымды қорғаймын енді», — деді қала әкімі.
Түркістан облыстық сотындағылар көпбалалы ананың үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқты) бойынша қылмыстық іс қозғалып, үкім оқылғанын растады. Екі жәбірленуші арыз жазған. Динара Қазыбековаға жәбірленушілерге мемлекеттен грант шығарып беремін деп 225 мың теңге алды деген айып тағылған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.