Туркестанская область

«Әкімнің баласы болғаны үшін тек үй қамаққа жіберді»: Түркістанда ауылдастарының қолынан қаза тапқан Аружан Орынбайдың анасы соттан әділдік сұрайды

Төрткүлде қатігездікпен өлген Аружан Орынбайдың анасы қылмыскерлерге қатысты сот үкімімен келіспейтінін айтты. Сәйкесінше Динара Зілғараева мен оның адвокаты Нұрлан Байғазиев сотқа апелляциялық шағым түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Динара Зілғараеваның айтуынша, қылмыстық іске қатысы бар Тасқын Төлепберген бұрынғы ауыл әкімінің баласы болғандықтан 1 жыл 4 айға үй қамаққа жіберілген. Жәбірленушінің анасы қызының өліміне кінәлі адамдар қатаң түрде жазаға тартылуы керек деп санайды.

“Тасқын Төлепбергеннің ата-анасы тергеу кезінде менімен кездесіп кешірім сұрамақ болды. Бірақ мен ол кезде сөйлесетіндей жағдайда болмадым. Кейін тағы алдыма келіп кешірім сұрап, кінәсін мойындады. Ал Бейбарыс кінәсін де мойындамады, әке-шешесі де келіп кешірім сұраған жоқ”, – дейді Динара Зілғараева.

Оның адвокаты Нұрлан Байғазиев қылмысты іске қатысты бірнеше тың деректің бетін ашты.

“Берік Бейбарыс Аружанның денесінен жан кеткен соң сол қолын көтеріп, төрт рет пышақпен тілген. Кейін жанында тұрған Тасқын Төлепбергеннен көмек сұрап, екеуі өлі денені су ағып жатқан арыққа лақтырып жібереді. Ал қылмыс кезінде қолданылған пышақты Төлепберген өзімен бірге алып кетеді. Осылайша ол қылмыс қаруын жасырды. Тасқын Төлепберген тергеудің бастапқы кезінде Аружан мүлдем танымаймын деп жауап берсе, кейін болған істің бәрін мойындайды. Прокуратура осы жайттарды біле тұра, толыққанды саралаған жоқ. Аружанның өлі денесін суға лақтырған кезде оның қаны Төлепбергеннің киіміне жағылып қалған екен. Мұның бәрі сараптама арқылы анықталды”, – дейді қорғаушы.

Сондай-ақ Тасқын Төлепберген қылмысты жасырып қалуға тырысқанымен қоса Аружанды киіммен тұншықтырған.

“Аружан жараланып, жерге құлаған кезде үстіндегі жемпірімен қыздың аузын жауып, тұншықтырады. Ол киім іс материалдарында бар. Сот-медициналық сараптамасының 11 тармағында оның барлығы көрсетілген. Мұның бәрін сотта айттық, бірақ бұл деректер ескерілмеді”, – дейді адвокат.

Ол Аружанның өліміне кінәлілердің лайық жазалануы үшін қолдан келгенше әрекет жасап жатыр.

“Тасқын Төлепбергеннің бар болғаны 1 жыл 4 айға шартты түрде бас бостандығынан шектелгеніне келіспейміз. Шағымымызды аппелляциялық сот алқасына жолдап қойдық. Біз Тасқын Төлепбергеннің ҚК-тің 99-бабы, 2-бөлімі, 7, 10, 14-тармақатымен және 194, 432, 434-баптың талаптарына сәйкес жауапқа тартылғанын талап етеміз”, – дейді Нұрлан Байғазиев.

Бағдарлама барысында баласының жазықсыз түрмеге тоғытылғанын айтып Берік Бейбарыстың анасы Қызжібек Әлиева да келді.

“Сот әділ болған жоқ. Тек бізді айыптаумен болды. Олардың айтуынша, менің балам Бейбарыc қылмыс жасағанда Тасқын Төлепберген жанында жай ғана қарап тұрған. Негізі олай емес. Оқиға болған кезде Бейбарыс біздің ауылдан 9 шақырым жерде орналасқан Ақсары деген жерде мал бағып жүрген. Мұны біз геолокация арқылы біліп отырмыз”, – дейді Бейбарыстың анасы.

Алайда детализацияға сәйкес, Аружанның, Төлепбергеннің және Бейбарыстың нөмірлері оқиға болған жерде және сол уақытта бір базалық станциялардың радиусында болған.

Қызжібек Әлиева сондағы тергеушілер баласын қинап, қылмысты өз мойнына алуға мәжбүрледі деген ойда.

“Менің баламның мұндай қастандыққа баруы мүмкін емес. Оның өтірік немесе шын айтып отырғанын бет-жүзінен, сөйлеген сөзінен білуге болады. Төлеп – байдың баласы, ал менің балам – қойшы. Бай мен кедейдің баласы қалай дос болады?! Балам: “Телефонымды қалай тексерсе де тексерсін. Мен Төлеппен ол телефон арқылы сөйескен емеспін. Менде Төлептің де, Аружанның да нөмірі жоқ” деп шырылдап отыр. Менің баламның ДНҚ-сы шығу үшін бетінде немесе денесінде тереңдетілген тырнақ ізі болуы керек”, – дейді Қызжібек Әлиева.

Сарапшылар марқұм Аружан Орынбайдың саусақ ізі мен тырнағына ДНҚ жасаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, Аружанның оң және сол қол тырнақ кесінділеріндегі биоқатпарлардан алынған генетикалық профиль Аружанға және Берік Бейбарысқа тиесілі болуы мүмкін. Бұл ерлер хромосомасында орналасқан STR-локустарға типтеу жүргізу барысында нақтыланды. Ал Тасқын Төлепбергендікі керісінше, жоққа шығарылды.

Динара Зілғараева қызының өліміне Берік Бейбарыстың тікелей қатысы барына сенімді.

“Бейбарыс болмаса, басқа кім болады?! Мен қызымды мәйітханада жатқанда ең бірінші болып көрдім. Қызымның тырнағын алып жатқанда да жанында болдым. Аружанның қандай күйде жатқанын өз көзіммен көрдім”, – дейді ол.

Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтың айтуынша, биоқатпардың қалуы үшін тырнақ ізінің қалуы міндетті емес.

“Биоқатпарлар жай ғана жанасудан да қалып қояды. Дене суда жатса да, тырнақтың астындағы дүние жуылып кетпейді”, – дейді сарапшы.

Бағдарлама соңында жүргізуші Динара Зілғараеваға істің әділ өтуіне мамандардың жан-жақты ат салысатынын айтып, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловтан Аружанның өліміне қатысты істі жіті бақылауға алуын сұрады.

Бұған дейін Аружан Орынбайды өлтірді деп айыпталып, 16 жылға сотталған Берік Бейбарыстың анасы ұлының жазықсыз екенін айтып, сот үкіміне наразылық білдірген еді.

Другие новости

Back to top button