Госорганы

Әкімдіктер су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуі керек – Үкімет басшысы

Экология министрлігі мен әкімдіктер каналдар мен су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуі керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне көп көңіл бөлу қажет. Ауыл шаруашылығына арналған су көлемінің тек 60 пайызы ғана егістікке жетеді. Қалғаны ескірген инфрақұрылымның кесірінен ысырап болады. Экология министрлігі мен әкімдіктер каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология министрлігімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және суды цифрлық есепке алуды кеңейту тетіктерін әзірлеуі тиіс.

«Суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ, коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек. Жалпы, өңірлерді тиісті су көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет», — деді Премьер-Министр.

Другие новости

Back to top button