Госорганы

Әйел құқығын шектейтін менталитетімізге жат үрдістерге бой алдырмау керек – Президент

 Қазақстан гендерлік теңдік бойынша тұрақты түрде Азияның жетекші елдері қатарына кіреді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Білім культінен бөлек, прогрессивті елдің тағы бір маңызды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан біз әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуымыз керек. Соңғы жылдары бұл мәселеде айтарлықтай ілгері жылжыдық. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту мен еңбектегі кемсітушілікті жою үшін кешенді шаралар қабылданды», — дейді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, елімізде ана мен бала тәрбиесі үшін жағдай жақсарды. Мемлекет жүйелі деңгейде әйелдердің саясатқа, мемлекеттік басқаруға, бизнеске қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.

Жаһандық рейтингтерге сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік бойынша Сингапурмен, Оңтүстік Кореямен, Жапониямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен бір деңгейде тұрақты түрде Азияның жетекші елдері қатарына кіреді.

«Біздің тарихымызда әйелдер әрдайым маңызды рөл атқарған және қоғамда ерекше орын алған. Ұлы даланың қыздары халқымыздың мәдени дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап келді. Сондықтан прогресс пен жасампаздық жолында алға жылжып, әйелдердің құқықтарын шектейтін менталитетімізге жат үрдістерге бой алдырмауымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Другие новости

Back to top button