Аяқ-қолын байлап, тірідей көмген: Күйеуі өлтірмек болған әйел смарт сағатының көмегімен полиция шақырып, аман қалды
АҚШ-тың Вашингтон штатында әйел Apple Watch сағатының көмегімен аман қалды. Ажырасу және қаржыға байланысты даудан кейін күйеуі әйелін байлап, артынша тірідей көмбек болған. Қуанышқа орай әйел смарт сағатының көмегімен құтқару қызметіне қоңырау шалып, өміріне қауіп төнгенін жеткізе алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
53 жастағы Че Ген Ан 42 жастағы әйелі Ен Сук Анның ауызы мен аяқ-қолын скотчпен байлап тастаған. Алайда әйел Apple Watch-тің көмегімен құтқару қызметіне қоңырау шалып, ауызы жабық болса да дауыс шығару арқылы өміріне қауіп төнгенін жеткізген. Мұны түсінген диспетчер оқиға орнына полиция қызметкерлерін жіберді.
Дегенмен Че Ген Ан әйелін гаражға алып шығып, сағатын сындырған. Ен Сук Анды шағын автобусына салып, орманға тірідей көму үшін алып келген. Көліктің үйден шығып, полицейлердің жанынан өтіп бара жатқаны көршілерінің бейне бақылау камерасына түсіп қалған.
Кейін Че Ген Ан әйелін пышақтап, аса терең емес шұңқырға тірідей көмген. Отбасылық жанжалға қаржы мен ажырасу мәселесі себеп болған. Ал әйел бірнеше сағаттан кейін өз бетінше шұңқырдан шығып, үйіне қарай қашқан.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ер адам әйеліне 16 қазанда түскі 13:00 шамасында шабуыл жасаған. Жатын бөлмеге барған Ен Сук Анды жұдырықпен ұрып, артынша байлап тастаған.
Кейін әйелін орманға алып кеткен соң үйге полицейлер келген. Алайда ешкімнің жоқ екенін көріп, әйелге іздеу жариялады. Бұл уақытта Че Ген Ан әйелін пышақтап, көміп тастаған.
«Көмген соң әйел тыныстай алған. Сонымен қатар күйеуінің жанында жүріп, үстіне топырақ сепкенін де біліп жатқан», – дейді полицей Шеннон Барнс.
Әйел қолына байланған скотчты шешіп, үйіне қарай қашқан. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес ол үйінің ауласындағы қоймадан табылыпты. Полицейлер келгенде өзін күйеуінің өлтіргісі келетінін жеткізген.
«Басында және қолдарында көгерген іздер болған. Ал киімі мен шашын топырақ басқан», – деп қосты полицей.
Алты сағаттан кейін полицейлер Че Ген Анды орманда, өз әйелін көмген шұңқырдың жанынан тапқан. Бұл жерден сынған сағаттың бөліктері мен скотч қалдықтары да анықталған.
Ен Сук соттан күйеуін түрмеден шығармауды өтінген.
Жұбайын «өте ақылды» деп сипаттаған ол бұрын АҚШ қарулы күштерінде тыңшы болып жұмыс істегенін де алға тартқан. Сонымен қатар кепілмен бостандыққа шығу құқығынан айыруды да талап еткен.