Нур-Султан

«Аяғымды кеспесе, өміріме қауіп төнетінін айтты»: IT саласында қызмет етіп жүрген астаналық ару батылдығымен көпті тәнті етті

Астаналық ару Айсұлу Сүлейменова YouTube-тегі “Сұрауы бар” арнасында басынан өткен оқиғасын айтып берді. 11 жыл бұрынғы жол апатынан екі аяғынан айырылған ару осынша сынақтарға қарамастан, қайта аяққа тұрған. Бір ұлды тәрбиелеп отырған Айсұлу IT саласында қызмет етіп, спортпен кәсіби түрде шұғылдануды мақсат еткен. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Айсұлу 11 жыл бұрын ауылға ата-әжесіне бара жатқан кезінде жол апатына ұшыраған. Бойжеткен апат болған күннің әлі есінде екенін айтады.

“Бір қызығы, осы апаттан кейін аман қалдым. Біз жолдан шығып, электр бағанасына соқтығыстық. Соққыдан кейін бағана құлаған. Ал мен көліктен түскенде электр сымдарын басып кетіппін. Ол кезде жаңбыр әлі жауып тұрған болатын. Менің аяғымды ток ұрды. Мүмкін, аяғымды аман алып қалуға болатын ба еді. Бірақ біз ауылға демалыс күні жеткізілдік. Дер кезінде көмектесетін тәжірибелі дәрігерлер болмады. 2-3 күннен кейін ғана мені қалаға алып кетті. Дәрігерлер аяғымды аман алып қалуға тырысты, бірақ мүмкін болмады. Олар шіри бастап, гангрена пайда болып, бүкіл денеме тарай бастаған екен. Кейін мамандар анама тез арада аяғымды кеспесе, өміріме қауіп төнетінін айтқан”, – деді Айсұлу.

Бойжеткен мұндай сынақтан соң берілмеді. Ол тұрмыс құрып, ана атанған. Алайда кейбір жайттарға байланысты ажырасып кеткен.

Ол отбасы мен достарының қолдауының арқасында қайта аяққа тұрғанын мойындады.

«Өте қиын болды. Қатты жыладым. Менде неге бұлай болды деп сұрайтынмын. Ол кезде мен небәрі 20 жаста едім. Бірақ жақын адамдарымның қолдауының арқасында мен бұл сынақтан өттім. Төсек тартып жатқанда туыстарым күні-түні қасымда отырды. Солардың арқасында істі өз қолыма алдым. Оқуымды тастаған жоқпын, оқуымды аяқтаймын деп шештім», – дейді Айсұлу Сүлейменова.

2018 жылдан бері қыз волейболмен шұғылданған. Қазір жеңіл атлетикамен белсенді айналысады. Ол қазір Паралимпиада ойындары бағдарламасында жүгіруден Азия чемпионы болуды армандайды. Айсұлу жүгіргенді өте жақсы көретінін және бұл оған еркіндік сезімін беретінін мойындады.

Айсұлу қазір IT саласында жұмыс істейді. Расул есімді  ұл тәрбиелеп отыр. Айсұлу ұлының бұл өмірдегі өзіне берілген ең қымбат сыйы екенін мақтанышпен айтады.

Другие новости

Back to top button