Главное

АЭС жұмысын жүргізу үшін Қазақстан екі мың маманды қайдан табады

Ұлттық ядролық орталық директоры Ерлан Батырбеков Қазақстан АЭС жұмысын жүргізетін кадрларды даярлауға кірісіп кеткенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ерлан Батырбеков халықаралық практикаға сілтеме жасап, екі энергоблоктан тұратын атом электр станциясының жұмысын жүргізуге екі мыңға жуық жоғары және орта білімді маман қажет екенін айтты.  Оның сөзінше, қазірдің өзінде Қазақстан АЭС құрылысынан бастап, пайдалануға берілгенге дейінгі жұмыстарға дайын. Себебі мемлекеттің атом энергиясы саласында тәжірибесі бар.

Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасымен қазірдің өзінде техникалық және инженерлік салада ғылыми және білім беруді жетілдіру бойынша жұмысты бастап кетті. Шетелдік техникалық вуздардың бөлімшелерін ашу, техникалық мамандықтарға грандтар санын арттыру және тағы да басқалары. Қалай дегенде де АЭС-ті жобалаушылар мен құрылысын жүргізетіндер тарапынан персоналды дайындау бойынша арнайы бағдарлама қарастырылады, – деді ол.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.

Қазір АЭС-ті салуы мүмкін төрт компанияның аты аталады. Олардың ішінде Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC), Ресейдің  «Росатом», Францияның «Électricité de France»(EDF) и Оңтүстік Кореяның «Korea Hydro & Nuclear Power» (KHNP) компаниялары бар.

Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.

Другие новости

Back to top button