Выбор редакцииМенің балам (Ұл мен қыз)

Әділетті ойын: бала жеңіліп те үйренуі керек

Өмір жеңіс пен жеңілістен тұрады. Жеңілу біздің өміріміздің бір бөлігі, бірақ балалардыңжеңілісті қабылдай білмеуі олардың болмысына тән нәрсе.  Ал спортпен кәсіби түрде айналысқан балалар оның не екенін кішкентай кезінен жақсы біледі. Бала жеңіп те, жеңіліп те өседі.  

Ойында әдеппен, дұрыс жеңіліп үйрену – бұл да бір өнер және оны жетілдіруге болады. Балаңызға мұны ертерек үйретсеңіз, соғұрлым жақсы. Жеңгенін де, жеңілгенін де абыроймен қабылдау – өте маңызды дағды, ол баланың келешек өмірінде қоғамның кез келген саласында, адамдармен қарым-қатынасында пайдалы қасиет болары анық.  

Балаңыз жеңіліп үйренсін

Балаңызбен ойнағанда, мысалы, үстел үсті ойындарында оған спорттық мінез-құлықтың жақсы үлгісін көрсетіңіз. Ол жеңгенде құттықтап, қолын алыңыз, өзіңіз жеңген кезде көп мақтанбаңыз.

Әркім де жеңімпаз болғысы келеді

Көптеген ата-ана баласының жеңіске жеткенін және табысты болғанын қалайды. Әрине, бұл қалыпты жағдай. Бірақ, егер тек жеңіс қана маңызды, әрі басты құндылыққа айналып кетсе, онда жеңіліс пен сәтсіздік – әлсіздің үлесі болып шыға келеді. Сондықтан балаға жеңілісті дұрыс қабылдап үйрету керек. Сәтсіздік те өте маңызды тәжірибе, өмірдің сабағы.

Бала жеңілген кезде не істеу керек

Балаңыз сәтсіздікке ұшырап немесе жеңіліп қалған кезде, бірден оның жанында болуға, оны жұбатуға тырыспаңыз. Оның бүкіл сезімін өзіңізге алып, шектен тыс елжіреуге болмайды. Балалар мұндай кезде ата-анасынан гөрі басқа адамды тыңдауға, оның байыпты сын-пікірін қабылдауға бейім.    

Ойынның немесе жарыстың нәтижесіне қарамастан, балаңызды жақсы көретініңіздісездіріп жүріңіз. Кейбір бала өз жетістігін ата-анасының арқасы деп біледі, олардың сүйіспеншілігіне бөлену үшін тек үздік болуға ұмтылады. Сондықтан, балаңыз не істесе де, тіпті қателік жіберсе де оны жақсы көретініңізді, оған деген махаббатыңыз ешқандай шартқа тәуелді емесекенін білуі керек.

Егер балаңыз жеңіліп қалса ашулануы, жылауы, айғайлауы, бір сөзбен айтқанда, өз сезімін білдіруі мүмкін. Ол заңды нәрсе. Кейбір ата-ана баласына жылауға болмайтынын, тек кішкентай бөпелернемесе әлсіздер ғана көз жасын көл қылатынын, ал жеңілген адам үнсіз шыдау керектігін айтады. Бір ескеретін жайт, егер бала өзінің эмоциясын сыртқа шығара алмаса, бұдан ол булығып, жан дүниесіндегі шиеленіс қордаланады, үрейленгіш болады.  

Егер бала сәтсіздіктен көз ашпаса

Жеңіліске ұшырағаннан біраз уақыт өткен соң баламен болған оқиға туралы сөйлесіңіз. Ол «шіркін, мен сол сәтте басқаша әрекет еткенімде ғой» деп ойлай ма, әлде қатысқанына, ойнағанына өкіне ме, соны тексеріңіз. Ойнау, жарысқа қатысу баланың жеңіп-жеңбеуінен де маңызды. Балаңыз осы тәжірибеден қандай сабақ алғанын ойлауға итермелеп, оны бірге талқылаңыз.  

Балаңызбен өмірдегі күрес, адамдар арасындағы бәсекелестік жайлы сөйлесуге ашық болыңыз. Өзіңіздің бала кезіңіздегі жеңілістер мен өкініштерді айтып беріңіз, жеңіліп қалсаңыз да ойнауға, жарысуға деген ынтаңыз жойылмағанын жеткізіңіз.    

Егер бала сәтсіздікке ұшырай берсе, бұл оның қандай да бір әрекетке әлі дайын еместігінбілдіреді. Не болмаса бұл нәрсе оны қызықтырмауы, қанағаттандырмауы мүмкін. Дайындықтың, үйретудің кемшіндігі де баланың ынтасын азайтады.  

Балаңыздың белсенділігін, үйренуге құштарлығын, жеңіске ұмтылысын ынталандырып, қолдап қойыңыз. Ол үшін бірдеңе сатып әперу міндетті емес. Баланың не нәрсеге ерекше қабілетті екенін, қолынан не нәрсе өте жақсы келетінін жиі айтып жүріңіз. Бала қанша рет жеңілсе де, жеңіске деген үмітін үзбеуі керек. Мұны есте сақтау балалар үшін өте маңызды.

Әзірлеген Дина Имамбай

 

Другие новости

Back to top button