Госорганы

Әділет министрлігі экономикалық қылмыстардың айыппұлын АЕК-пен есептемеуді ұсынып отыр

 Әділет министрлігі экономикалық қылмыстардың айыппұлын айлық есептік көркеткішпен есептемеуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Қылмыстық заңнамаға енгізілетін түзетулерді Мәжіліс депутаттарына таныстырған вице-министр Алма Мұқанованың айтуынша, «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», «Алаяқтық», «Экономикалық контрабанда», «Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару», «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару», «Параға коммерциялық сатып алу» сияқты қылмыстардың айыппұлын АЕК-пен есептеуден бас тарту қажет.

«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптары бойынша бірнеше еселенген айыппұл тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылады, ал қалған адамдарға қатысты қолданылмайды. Бұл ретте бірнеше еселенген айыппұлды қолдану – түрмеде отыратындардың қатарын өсірмейтін, неғұрлым пәрменді экономикалық шара.

Сонымен қатар, мұндай санаттағы адамдарға жазаның қосымша түрі, мысалы, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қолданылуы мүмкін.

Өз кезегінде, басқа экономикалық қылмыстар бойынша қазір АЕК-пен айыппұл қолданылады. Бұл мемлекетке келтірілген залалға қатысты пропорционалды жаза емес. Бірнеше еселенген айыппұлдарды енгізу іс жүзінде көрсетілген мәселелерді шешуге ықпал етеді», — деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол Қылмыстық кодекстің 385-бабының «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» санкциясын өзектендіру ұсынылып отырғанын айтты. Нақтырақ айтсақ, аталған қылмыстарды жасаған адамдарға белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның қосымша түрін енгізу ұсынылады.

«Қазіргі таңда осы бап бойынша санкция 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі айыппұлмен, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарымен 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен, не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазалауды көздейді.

Бұл ретте, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның қосымша түрі жоқ екенін ескере отырып, жазасын өтегеннен кейін адамның осындай қызметпен айналысу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.

Жазаның қосымша түрлерін қолдану өз кезегінде қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді», — деді вице-министр.

Другие новости

Back to top button