Абайская область
Абай облысында 40 градустық аязда адасып кеткен шопандар құтқарылды
Абай облысында полицейлер қатты аязда адасқан шопандарды жаяу жүріп іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, 22 ақпанда түнгі сағат 01.24-те «103» арнасының операторынан Абай облысының Жарма ауданындағы Шабақ қыстауынан шамамен 4 км қашықтықта екі ер адам көмек сұрағаны туралы өтініш келіп түскен.
«Қоңырау шалушы әріптесімен бірге кешке қыстақтан Суықбұлақ ауылына шыққан. Жол бойында трактордың жанармайы қатып қалғанын және ер адам кері қайтайын десе, адасып кеткенін хабарлады. Кейбір жерлерде байланыс болмады. Жығылғанға жұдырық болып телефонның қуаты да таусылуға шақ қалған», — делінген хабарламада.
Далада кезіп жүрген ер адамдар шұғыл қызметтерге мезгіл-мезгіл қоңырау шалып, қатты қатып тоңғандарын хабарлады. Жарма ауданының учаскелік полиция инспекторлары дереу көмекке шақырылды.