ҚАЗАҚСТАНДА ЭПИЛЕПСИЯНЫҢ АУЫР ТҮРІНЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАРДЫ ХИРУРГИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ЕМДЕУ МҮМКІНДІКТЕРІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Жыл сайын эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеуді қажет етуі мүмкін балалар саны 4 500-ге дейін жетеді. Алматыда Қазақстандағы алғашқы 128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешені іске қосылды. Ол аурудың күрделі түрлерін дәлірек диагностикалауға және нейрохирургиялық операциялар жасауға мүмкіндік береді.

Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында Қазақстандағы алғашқы 128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешені жұмысын бастады. Жүйе пациенттің мінез-құлқын бір мезгілде бейнежазбаға түсіре отырып, миының биоэлектрлік белсенділігін ұзақ уақыт тіркеуге арналған. Жабдықтың басты артықшылығы — жазу арналарының саны: олар классикалық ЭЭГ жүйелеріне қарағанда бірнеше есе көп. Бұл мидың электрлік белсенділігін егжей-тегжейлі көруге және ұстамалардың қай жерде басталатынын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кешен эпилепсиялық ұстамаларды эпилепсиялық емес ұстамалардан ажыратуға, нейрохирургиялық араласуды жоспарлауға, операциядан кейінгі мониторинг жүргізуге, наркоздағы немесе комадағы пациенттердің жағдайын бағалауға көмектеседі. Жабдықты ауруханаға AYALA қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте табыстады.
Эпилепсия — қайталанатын құрысу ұстамаларымен немесе құрысусыз өтетін ұстамалармен сипатталатын мидың созылмалы ауруы. Ұстамалар ми жүйке жасушаларының электрлік белсенділігі бұзылғанда пайда болады. Қазақстанда эпилепсия әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілген. Диспансерлік науқастардың бірыңғай тіркелімінің деректеріне сәйкес, елімізде эпилепсия диагнозымен шамамен 94 000 пациент есепте тұр, олардың 31 000-ы — балалар.
Мемлекет мұндай пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 4 млрд теңге бөледі. Алайда кейбір балаларда эпилепсияға қарсы ем қабылдағанына қарамастан ұстамалар жалғаса береді. Эпилепсияның бұл түрі фармакорезистентті деп аталады. Күрделі жағдайларда дәрігерлер хирургиялық емдеуді — ұстамалар ошағын алып тастауды немесе бірнеше ошақ мидың қызметі үшін маңызды аймақтарда орналасса, оларды күйдіруді ұсынуы мүмкін.
Хирургиялық араласу туралы шешім миды жан-жақты тексеру нәтижелері бойынша ғана қабылданады. Жаңа бейне-ЭЭГ мониторингі кешені терең электродтарды имплантациялау кезінде қосуға және мидың терең құрылымдарының белсенділігін ұзақ уақыт тіркеуге мүмкіндік береді. Арналары аз классикалық ЭЭГ жүйелерінде мұндай мүмкіндік жоқ.

«Шеврон Евразия» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Жанар Қошпанова былай дейді: «ДДҰ бағалауы бойынша әлемде эпилепсиямен шамамен 50 миллион адам ауырады, олардың қатарында Қазақстандағы мыңдаған бала да бар. Өкінішке қарай, дәрі-дәрмек ұстамаларды тоқтатуға көмектеспеген жағдайда баланың өмір сапасы мен дамуы зардап шегеді. Қаржылық мүмкіндігі бар отбасылар балаларын шетелге емделуге жібереді. Мұндай көмек Қазақстандағы барлық балаға қолжетімді болуы мүмкін әрі солай болуы тиіс екенін түсіне отырып, «Шеврон» компаниясы заманауи бейне-ЭЭГ мониторингі кешенін сатып алуға және балалар нейрохирургтерін, невропатологтар мен нейрофизиологтарды хирургиялық емдеудің жаңа әдістеріне оқытуға қолдау көрсетті. Соның арқасында дәл диагностика мен қажетті емді шетелге шықпай-ақ Қазақстанда алуға мүмкіндік туады».
Қазақстандық дәрігерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіру үшін AYALA қорының шақыруымен Алматыға әлемдегі жетекші клиникалардың бірі — Берлиндегі «Шарите» университеттік клиникасының (Charité – Universitätsmedizin Berlin) балалар нейрохирургиясы бөлімінің басшысы, профессор Ульрих-Вильгельм Томале келді. Профессор Томале балалар нейрохирургиясы мен нейроонкологияға, оның ішінде эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеуге маманданған. Шеберлік сабағы жаңа кешенмен жұмыс істеу жөніндегі практикалық сабақтардан басталды. Одан кейін профессор қазақстандық нейрохирургтермен бірге жаңа жабдықты пайдаланып, фармакорезистентті эпилепсиясы бар 12 жастағы Әлиханға операция жасады. Алдымен дәрігерлер эпилепсиялық белсенділік ошақтарын дәл анықтау үшін мидың терең құрылымдарына электродтар имплантациялады. Бірнеше күннен кейін эпилепсиялық белсенділік ошақтары анықталған соң, мамандар оларды хирургиялық жолмен алып тастайды немесе сол электродтар арқылы нысаналы әсер етіп жояды.
Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында күрделі неврологиялық және нейрохирургиялық ауруларды сәтті емдеуде мол тәжірибесі бар нейрохирургтер мен эпилептологтар жұмыс істейді. 2026 жылдың басында осы клиниканың мамандары Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет балалардағы ұстама ошағын анықтау үшін терең электродтарды имплантациялады. Ол кезде бейне-ЭЭГ мониторингі аппараты клиникаға тек сынақтан өткізу кезеңіне беріліп, ол аяқталғаннан кейін жеткізушіге қайтарылды. Соның салдарынан балаларға жоғары технологиялық көмек көрсету уақытша тоқтауға мәжбүр болды. Енді дәрігерлердің өз кешені бар. Бұл Қазақстанның барлық өңірінен келетін балаларға осындай диагностика мен хирургиялық емдеуді тұрақты негізде жүргізуге мүмкіндік береді.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров былай дейді: «Ауруханамыздың мамандары терең электродтарды имплантациялау әдісін меңгергенін әлдеқашан дәлелдеді. Тұрақты жұмыс істеу үшін бізге тек өз жабдығымыз жетіспеді. Көрсеткен қолдауы үшін AYALA қоры мен «Шеврон» компаниясына шын жүректен алғыс айтамыз. Алғашқы кезеңде жылына 200–300 бейне-ЭЭГ зерттеуін және 20 операция жасауды жоспарлап отырмыз. Осылайша фармакорезистентті эпилепсиясы бар балалармен қатар, құрысу ұстамаларымен қатар жүретін ми ісіктері бар балаларды да қамтимыз».
128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешенінің арқасында алғашқы он жыл ішінде ауруханада шамамен 2 500 диагностикалық зерттеу және кемінде 300 операция жасалады деп күтілуде. Мұндай көмектің көлемі артқан сайын аурухана Қазақстан мен Орталық Азиядағы эпилептологиялық диагностика жөніндегі референс-орталыққа айналу мүмкіндігіне ие болады.
AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова атап өтті: «Бейне-ЭЭГ мониторингі кешені ұзақ жыл пайдалануға арналған. Мұндай техниканы жаңартудың нормативтік мерзімі — 5–7 жыл, алайда біздің тәжірибемізде қор табыстаған жабдықтар 10–15 жыл қызмет етеді. AYALA қоры 19 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның медициналық мекемелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, оларды инновациялық техникамен жабдықтауға көмектесіп келеді. Осы жылдардағы басты сабақ — жабдықтың өзі жеткіліксіз. Аппаратпен арнайы дайындықтан өткен дәрігер жұмыс істегенде ғана ол балаларға шын мәнінде көмектесе бастайды. Сондықтан қор Қазақстанның әр өңіріндегі дәрігерлерді оқыту үшін жетекші мамандарды тұрақты түрде шақырады. Бұл жұмыста бізді тұрақты серіктесіміз — «Шеврон» компаниясы қолдап отырғанына қуаныштымыз».



