Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансер төңірегінде шу шықты
Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансер төңірегінде шу шықты, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Экономикалық тергеу департаментінің тексерісі барысында бір топ қызметкердің астаналық диспансерде ем қабылдағаны туралы жалған мәлімет анықталды.
Психдиспансер мамандары психикалық ауытқушылықтары бар науқас болып шықты. Тексеріс барысында олардың Нұр-Сұлтан қаласындағы клиникады ем қабылдағаны анықталған. Тек құжат жүзінде. Осы уақыт аралығында медицина қызметкерлері Павлодар қаласында болған.
Үстіміздегі жылдың шілде айында ұялы телефондарымызға хабарламалар келе бастады. Бізге жүйке жүйесінің бұзылуы диагнозы қойылған. Белгісіз емдеу мекемесінің бізге диагноз қоюға қандай құқығы бар? — дейді дәрігерлер.
Тексеріс барысында павлодарлық неврологиялық орталығында жұмыс істейтін 280 маманның жеке мәліметтері таратылғаны белгілі болды. Дәрігерлер бұл олқылыққа қатысты еліміздің бас прокуратурасына шағым білдірген.
Осы жағдайға қатысты салалық мекеме, яғни, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова түсінік берді.
Мамандардың шағымы бойынша қызметтік тергеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Тексеріс аяқталды. Ақпарат расталды, оны мойындаймыз. Медициналық-әлеуметтік мекеменің басшылығы жұмыскерлердің рұқсатынсыз жеке мәліметтерді пайдаланған. Қазіргі уақытта жалған оңалту туралы ақпарат жойылып жатыр. Мәліметтер бірнеше ақпараттық базаға жүктелгендіктен, тиісті келісімдер жүргізілуі тиіс. Жұмыс бір айдың ішінде аяқталады. Жауапты мамандар тәртіптік жазаға тартылады. Яғни, кадрлар жөніндегі инспектор, кәсіподақ ұйымының төрағасына қатысты қатаң сөгіс жарияланады. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жалғасын табуда, — дейді Альмира Дисюпова.
Бұл жағдайға қатысты облыстық прокуратура өкілдері де тексеріс бастады