Бизнес

«Касперский зертханасы»: ересек адамдардың көпшілігі цифрлық зорлық-зомбылыққа тап болғанын түсінбейді, алайда бұл әрбір екінші адамда орын алған

«Касперский зертханасы» жаһандық сауалнама негізінде «Көзге көрінбейтін бақылау, немесе цифрлық зорлық-зомбылық дегеніміз не» атты есепті жариялады. Компания деректеріне сәйкес, респонденттердің 46%-ы соңғы 12 ай ішінде цифрлық зорлық-зомбылықтың кемінде бір түріне тап болған, алайда сауалнамаға қатысушылардың тек 32%-ы ғана бұл терминнің не білдіретінін түсінеді. Бұл хабардарлық деңгейінің төмендігін көрсетеді: көптеген адамдар цифрлық зорлық-зомбылықтың түрлі көріністеріне тап бола отырып, оларды зорлық-зомбылық ретінде танымауы мүмкін.

Цифрлық зорлық-зомбылық дегеніміз не. Цифрлық зорлық-зомбылық технологияларды — смартфондарды, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларды — пайдалана отырып жасалатын агрессивті немесе бақылаушы мінез-құлықтың түрлі нысандарын қамтиды. Бұған онлайн-қудалау мен оқшаулау, сондай-ақ жасырын бақылау, басқа адам ретінде өзін таныстыру, жалған аккаунттар жасау немесе цифрлық тыңшылық жатады. Мұндай әрекеттер жиі күнделікті цифрлық қарым-қатынастың бір бөлігіне айналатындықтан, көптеген адамдар оларды қауіп ретінде қабылдамайды.

«Психология профессоры Джон Сулер 2004 жылы «онлайн тежелуді босату» әсерін сипаттады — анонимді деп саналатын ортада пайдаланушылар офлайн жағдайға қарағанда өздерін азырақ ұстамдылықпен ұстайды. Онлайн-әңгімелесушілер тікелей байланыстағы адамдарға қарағанда «азырақ нақты» болып қабылданады, ал анонимдік пен физикалық көрінбеушілік әңгімелесушінің эмоциялық жай-күйі мен реакциясын жасырады. Нәтижесінде пайдаланушы тоқтау керектігін сигнал беретін кері байланыс алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық зорлық-зомбылықты не деп санау керектігі, оны қалай тану және тоқтату туралы хабардарлық деңгейін арттыру аса маңызды», — дейді Александра Бочавер, психология ғылымдарының докторы, ҰЗУ ЖЭМ Білім беру институтының қазіргі балалық шақты зерттеу орталығының директоры.

Не нарсеге тап болады? Есепке сәйкес, цифрлық зорлық-зомбылыққа тап болғандар орта есеппен оның екіден астам түрлі нысанын бастан кешірген. Ең кең таралған тәжірибе — зиян келтіру мақсатында бұғаттау және оқшаулау (17%) болып шықты. Респонденттердің тағы 15%-ы қорлаушы немесе дөрекі хабарламалар алған, 8,5%-ға жуығы цифрлық қудалауға ұшыраған, ал 5%-ы доксингке тап болған. Бұл ретте аталған тәжірибелердің бір бөлігі интернеттегі бейтаныс адамдардың манипулятивті және эмоциялық жағынан жойқын мінез-құлқымен ғана емес, жеке қарым-қатынас ішіндегі цифрлық бақылаумен де байланысты.

Киберсталкинг. Kaspersky Digital Footprint Intelligence сервисінің сарапшылары доксинг және цифрлық бақылауға арналған қызметтердің көлеңкелі нарығының өсіп жатқанын тіркеуде. Даркнеттегі форумдарда мұндай қызметтердің бағасы 50-ден 4 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар сталкерлік бағдарламалық қамтамасыз ету — адамның жеке өміріне жасырын бақылау жүргізуге және қол сұғуға арналған коммерциялық бағдарламалар — таралуы да артып келеді. Мұндай қолданбалар арқылы қылмыскерлер құрбанның хабарламаларына, фотосуреттеріне, геолокациясына, әлеуметтік желі беттеріне, сондай-ақ аудио- және бейнежазбаларына қол жеткізе алады — кейде нақты уақыт режимінде. Мұндай бағдарламаларды орнату үшін, әдетте, адамның құрылғысына физикалық қол жеткізу қажет. Бұл ретте бағдарламалық қамтамасыз ету өзі фондық режимде жасырын жұмыс істейді, ал құрбан бақылау жүргізіліп жатқанын байқамауы да мүмкін.

«Интернетке қол жеткізуі бар кез келген адам оңай жүктеп орната алатын сталкерлік бағдарламалық қамтамасыз ету қылмыскерлерге дерлік кез келген жерден құрбанның смартфонына қашықтықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламалар фондық режимде жұмыс істеп, көзге көрінбей қалатындықтан, көптеген пайдаланушылар өздерінің іс-әрекеттері мен қозғалыстарының бақылануы мүмкін екенін де сезбейді. Сондықтан мұндай белсенділікті қалай тану және онлайн-бақылауға күдіктенген жағдайда не істеу керектігін түсіну аса маңызды», — деп түсіндіреді Taтьяна Шишкова, Kaspersky GReAT-тің жетекші сарапшысы.

Бақылау қолданбалары: әлемдік статистика. 2024–2025 жылдары тек «Касперский зертханасының» шешімдері ғана мұндай бағдарламаларды 34 мыңнан астам пайдаланушының құрылғысында анықтады, ал соңғы бес жылда — әлемнің 160-тан астам елінде 127 мыңнан астам адамда тіркелді. Ресей, Бразилия және Үндістан өткен жылдардағыдай бұл мәселеден ең көп зардап шеккен елдер қатарына кірді. 2024–2025 жылдары компания сарапшылары бұрын белгісіз болған сталкерлік бағдарламалардың 33 жаңа тұқымдасын анықтады.

«Касперский зертханасы» ұсынады:

  • сталкерлік бағдарламалық қамтамасыз етуді анықтай алатын және күдікті белсенділік туралы ескерте алатын қорғаныш шешімдерін пайдалану. Мысалы, Android үшін тегін Kaspersky қолданбасы цифрлық бақылау құралдарын анықтауға және сымсыз белгілер қоса алғанда белгісіз Bluetooth-құрылғылар туралы хабарлауға көмектеседі;
  • анықталған сталкерлік бағдарламалық қамтамасыз етуді бірден жоймау: оны орнатқан адам жанында болса немесе құрбанмен бірге тұрса, бұл қауіпті болуы мүмкін. Алдымен жағдайды бағалап, мүмкіндігінше көмек сұраған жөн;
  • негізгі смартфон бақылауда болуы мүмкін деген күдік туса, қолдау қызметтеріне, дағдарыс орталықтарына немесе жақындарына жүгіну үшін басқа құрылғыны пайдалану.

«Касперский зертханасы» — ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шешімдер өндірушілерін және зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін коммерциялық емес ұйымдарды біріктіретін Сталкерлік бағдарламалық қамтамасыз етуге қарсы коалицияның (Coalition Against Stalkerware) негізін қалаушылардың бірі. Коалиция туралы толығырақ мына сайттан білуге болады.

Сауалнаманы «Касперский зертханасының» ішкі зерттеу орталығы 2025 жылы Австрия, Бразилия, Қытай, Колумбия, Франция, Германия, Греция, Үндістан, Индонезия, Италия, Малайзия, Мексика, Марокко, Португалия, Ресей, Сербия, Испания, Ұлыбритания және АҚШ-тан 7 600 респондент арасында жүргізді.

Другие новости

Back to top button