Денсаулық

Атырау облысының дәрігерлерін Еуропаның жетекші мамандары оқытатын болады

Мемлекеттік ауруханалардың медицина қызметкерлерін оқыту үшін Еуропалық одақтың жетекші халықаралық мамандары Атырау облысына келеді. Біліктілікті арттыру бағдарламасы барлық ультрадыбыстық диагностика дәрігерлерін, сондай-ақ акушер-гинекологтар мен неонатологтарды қамтиды. «AYALA Академиясы» жобасы «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, AYALA қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен және Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткізілуде.

2026 жыл бойы Атырау қаласында пренаталдық ультрадыбыстық диагностика, жаңа туған нәрестелердің ультрадыбыстық диагностикасы, сондай-ақ акушерия және гинекологиядағы күрделі жағдайлар бойынша үш бес күндік шеберлік сабағы өткізіледі. Әрбір мастер-класс қазақстандық мамандарға әлемдік медицинада жинақталған озық теориялық және практикалық білімді жеткізуге бағытталған.

Сараптамалық пренаталдық диагностика бойынша алғашқы бес күндік мастер-класс 15 маусымда басталады. Оған Атырау облысының барлық аудандық ауруханаларынан, облыстық перинаталдық орталықтан, Атырау қалалық перзентханасынан және облыстық балалар ауруханасынан келген ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері қатысады. Мастер-классты Атырауда Халықаралық акушерлік және гинекологиядағы ультрадыбыс қоғамының (ISUOG) ғылыми комитетінің және Италияның Акушерлік және гинекологиядағы ультрадыбыс қоғамының мүшесі, профессор Тулио Ги өткізеді. Профессордың еңбегі пренаталдық диагностика мен феталдық медицина саласындағы жетістіктері үшін халықаралық ғылыми ұйымдардың марапаттарына ие болған.

«AYALA қайырымдылық қоры 15 жылдан бері қазақстандық ультрадыбыстық диагностика дәрігерлерінің, неонатологтардың, акушер-гинекологтардың, медицина қызметкерлері мен акушерлердің кәсіби құзыреттерін арттыру мақсатында мастер-кластар, семинарлар ұйымдастырып, конференцияларды қолдап келеді. Оларға бүгінгі күнге дейін 2,8 мыңнан астам медицина қызметкері қатысты. Әлемнің үздік тәжірибелі мамандарынан алынған білім дәрігерлердің күнделікті тәжірибесінде қолданылып, Атырау облысында нәресте өлімі мен туа біткен мүгедектіктің көрсеткіштерін одан әрі төмендетуге ықпал етеді деп сенемін», — деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушысы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

«AYALA Академиясы» жобасы аясында Қазақстанда төртінші жыл қатарынан ауылдық жерлерден де оқуға мүмкіндік беретін бейнесабақтары бар тегін онлайн-платформа жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда онда оқудан өткені туралы 1063 сертификат берілген. Қор Астана мен Алматы қалаларында жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен 30-дан астам мастер-класс пен семинар өткізді. Сонымен қатар, І Халықаралық неонаталдық медицина мейіргерлерінің конференциясын (2023 жыл), Халықаралық акушерлер конгресін (2024 жыл) және Халықаралық неонатологтар конференциясын (2024 жыл) ұйымдастырды. Қор Италия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Франция, Швеция, Австралия, Латвия, Беларусь, Литва, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және Польша сияқты 14 елдің дәрігерлерімен ынтымақтастық орнатқан.

«Ана мен нәресте өлімін одан әрі төмендету Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды басымдығы болып қала береді, өйткені бұл өңірлердің әлеуметтік әл-ауқаты мен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын тікелей көрсетеді. Бүгінде әйелдер мен балаларға білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, соның ішінде өңірлер мен ауылдық жерлердегі кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Осыған байланысты Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан «AYALA Академиясы» жобасының маңызы ерекше. Бұл жоба мемлекеттік медициналық мекемелердің дәрігерлеріне өңірден шықпай-ақ заманауи халықаралық тәжірибеге қол жеткізіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай білім беру бастамалары өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», — деп атап өтті «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қаратабаев.

Айта кетейік, 2025 жылы AYALA қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Атырау облыстық перинаталдық орталығын тыныс жеткіліксіздігі мен ауыр жағдайдағы жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетуге арналған азот тотығымен емдеу аппаратымен, жаңа туған нәрестелер үшін қауіпсіз рентген-қондырғысымен, жаңа анестезиологиялық-тыныс алу аппаратымен, сондай-ақ шала туған балалардағы көру бұзылыстарын ерте анықтауға арналған ретиналдық камерамен жабдықтады. Сонымен қатар, орталықта алғаш рет неонаталдық хирургия бөлімі ашылды.

AYALA қайырымдылық қоры — Қазақстандағы неонатология саласына маманданған жалғыз қайырымдылық қоры. Қор 19 жыл ішінде еліміздің перинаталдық орталықтарының, балалар ауруханалары мен ғылыми орталықтарының 67 реанимация бөлімін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 3,2 млрд теңгеден астам қаражат тартып, бағыттады. Бұл 2007 жылдан бері Қазақстандағы жүздеген мың баланың өмірін сақтап қалуға көмектесті.

Другие новости

Back to top button