Выбор редакции

Айыппұл не ескерту: балаға буллинг жасағандарға қандай жаза жиі қолданылады

Елімізде бір жыл бұрын балаларға буллинг жасағандарға жаза енгізілді, алайда кінәлілерге айыппұл салу жағдайы сирек кездеседі. Көп жағдайда іс ескерту жасаумен аяқталады, ал кінәлілер мен олардың ата-анасы жазадан жалтарып кетеді.

Ескертумен шектеліп жатыр

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін елде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабы «кәмелетке толмағанды жәбірлеу» бойынша 184 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Ал 2025 жылдың алты айында мұндай 202 құқық бұзушылық анықталған.

Ranking.kz сарапшыларының мәліметінше, балаларға жасалған буллингте айыпталушының кінәсі дәлелдене бермейді, әкімшілік іс бойынша жаза тағайындалмайды.

«2025 жылдың қаңтар-маусымы аралығында тіркелген құқық бұзушылықтардың ішінде 73 іс (немесе қаралғандардың 39%-ы) сот немесе басқа уәкілетті орган шешімі негізінде тоқтатылған», – дейді сарапшылар.

Ал қалған 114 құқық бұзушылық (61%) бойынша кінәліге немесе оның ата-анасына әкімшілік жаза қолданылған. Оның ішінде 66,7%-ы (76 іс) тек ескерту алып, тек 33,3%-ы (38 іс) айыппұл төлеуге міндеттелген.

Өткенге көз жүгіртсек, 2024 жылы жағдай одан да нашар болды. Ол уақытта буллингке кінәлі адамның тек 6,7%-ы ғана айыппұл төлеген. Қалған 93,3%-ы ескерту алған.

«Яғни, агрессивті балалар жасаған әрекеті үшін жазаланбаған, олардың ата-анасы дұрыс тәрбие бермегені үшін жауапкершілікке тартылмаған», – дейді сарапшылар.

Буллинг үшін айыппұл мөлшері

Балаларға қатысты буллинг үшін салынатын айыппұл сомасы көп емес. 2024 жылы небәрі 8 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынған, жалпы сомасы – 240 мың теңге, яғни бір адамға орта есеппен 30 мың теңгеден келген.

Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында айыппұлдың жалпы сомасы 1,4 миллион теңгеге жеткен. Алайда бұл соманың жартысынан азы ғана өндірілген.

Ал заңға сәйкес, кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) әрекеті үшін ескерту жасалады немесе 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Айта кетейік, бұған дейін Ертіс жағасында балық аулап жүрген 12 жастағы баланы 14-15 жастағы жасөспірімдер соққыға жыққан. Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, 2025 жылы елімізде 2 мыңнан аса бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып, көмек сұраған.

 

Дереккөз: https://kz.kursiv.media/kk

Другие новости

Back to top button