«Аттың жалына байлап сүйреген»: Айзат Жұманованың туыстары эксгумацияға қарсы емес

Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованың жан түршігерлік жағдайда қаза табуы елді есеңгіретіп, қоғамның ашу-ызасын туғызды. Марқұмның туыстары күдікті болған күйеуі Айбар Жанболатқа тағылған айыппен келіспейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тергеу органдары оның үстінен «абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын қасақана келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал Айзаттың жақындарының айтуынша, ол бірнеше сағат бойы азапталған. Ата-анасы қызының қазасы жайлы тек келесі күні білген. Марқұмның туыстары бұл әрекетті зорлықпен жасалған өлімді жасыру амалы деп санайды.
Естеріңізге сала кетейік, Айзат 22 маусымға қараған түні Талдықорған ауруханасына жеткізілгенде дәрігерлер оның қайтыс болғанын растаған. Марқұмның басы қанталап, қол-аяғының терісі сыпырылып қалған.
Бетін ашқанда беті қап-қара болып кеткен екен. Анасы көрді де, жылап бұрылып кетті. Басының астына қолымды тығып қарағанда бас-сүйегінің сынғанын байқадым. Ұстағанда басы жұп-жұмсақ, шүйде тұсы, шашы түгел су, басы қоқым екен. Сол жақ жағының сынғанын байқадым. Ернін ашып едім, аузы қан екен. Құлағын қарағанда құлағы да жырылған, – дейді туысы Раушан Дәуренбекова.
Жантүршігерлік оқиға маусым айында Баласаз ауылында болған. Олар күдікті ауыр жарақат алған әйелін терезеден құлап кетті деп кінәсін мойындамай отыр деп күйінеді. Бірақ Айзат Жұманованың мәйітін көрген жақындары бұған сенбейді. Олар ер адамның тиісті жазасын алуды талап етіп отыр.
Өзі құлап қалса, шүйдесі жарақат алар, ештеңе демес едім. Алған жарақатын көрген соң, шындықты талап етемін. Қызымның атынан жаман сөз естігім келмейді, – деді марқұмның анасы Салтанат Жұманова.
Айзат Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасына 22 маусымда сағат 02:30-да жеткізілген. Жарты сағаттан соң дәрігерлер келіншектің көз жұмғанын хабарлаған. Марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова «қызымыздың денесін ұзақ уақыт көрсетпеуге тырысты» дейді. Олар мәйітті алып келгенде денесінің жарасын көріп, есеңгіреп қалған.
Асқан қатыгездікпен қаза тапқан Айзат З жыл бұрын отау құрған. Ол отбасылық өмірге шағымданбаған, күйеубаласының да оғаш қылығын байқамаған. Айзаттың жақын құрбылары оның жүкті болғанын айтты. Марқұмның артында 2 жасар қызы қалды.
Маусым айының 22-сі күні Жетісу облысы тұрғыны қайтыс болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу, тексерілу жүргізіліп жатыр. Күдікті тергеп-тексерудің алғашқы күнінен бастап қамауда отыр. Қазіргі таңда тағайындалған бірқатар сараптама қорытындылары дайын болған соң прокуратура органдарының келісімімен күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі, -дейді ПД Тергеу басқармасының бастығы Арман Сұлтанұлы.