Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін еркінен тыс қуып жатқаны түсірілген видео желіде тарады

Қоғам белсендісі Аружан Саин Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін олардың еркінен тыс Қонаевқа көшіріп жатқан видеоны жариялады. Видеода жетім балалардың бірі талып қалып, қалған жасөспірімдер өздерін қорғап жатқаны байқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аружан Саиннің сөзінше, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің пікірін және келісімін ескермей көшіру БҰҰ Конвенциясын да, Қазақстан Республикасының заңнамасын да тікелей бұзу болып саналады.
«Бұл жағдай енді жекелеген мәселе емес, бүкіл қоғамға ортақ трагедияға айналып отыр. Мемлекет бұған дереу араласу қажет. Қазақстан 1994 жылы ратификациялаған Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясының 12-бабына сәйкес, әр бала өз пікірін білдіруге құқылы. Қатысушы мемлекеттер өз көзқарасын білдіруге қабілетті балаға оны мазалайтын барлық мәселелер бойынша еркін пікір айту құқығын қамтамасыз етеді және оның жасы мен жетілуіне сәйкес бұл пікірге лайық назар аударады», – деп жазды Аружан Саин.
Сонымен қатар қоғам белсендісі бала тікелей қатысы бар кез келген әкімшілік немесе сот ісінде тыңдалуға тиіс дейді.
«Қазақстан Республикасының «Баланың құқықтары туралы» Заңының 10-бабында да баланың өз пікірін білдіру құқығы бекітілген. Әрбір балаға өз пікірін еркін білдіруге, өзіне қатысты мәселелер бойынша кез келген қолжетімді тәсілмен ақпарат алуға, іздеуге және таратуға құқық кепілдік беріледі. Қамқоршылық органдары, мекемелер мен соттар баланың мүддесіне қайшы келмеген жағдайда, оның пікірін ескеруге міндетті. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 62-бабына сәйкес, он жастан асқан (кейде одан ертерек те) баланың саналы түрде пікір айтуға қабілеті болса, оның пікірі балалардың құқықтарын қорғау органдары мен сот тарапынан ескерілуге тиіс», – деді Аружан Саин.
Аружан Саин балалар өздерімен не болып жатқанын білуге, тыңдалуға және өз тұрғылықты жері, білімі мен болашағына қатысты шешімдерге қатысуға құқылы дейді.
Видеодан тәртіп сақшылары балаларды жұлқылап, автобусқа отырғызуға тырысып жатқаны көрінеді. Тіпті бір қыздың жерде талып жатқаны байқалады.
Бұдан бөлек желі қолданушылары тәрбиеленушілерге көмектесер жанның табылмағанына күйініп, пікір білдірді.
Еске салайық, бұған дейін 11 шілдеде Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшірілулеріне қарсы шығып, видеоүндеу жолдаған еді. Олар бұған дейін шенеуніктерден көшіру болмайды деген уәде алғандарын айтты. Алайда кейін көшіру туралы ресми бұйрық шыққан. Балалар Қонаевта емхана, дамытушы орталықтар секілді маңызды инфрақұрылымның жоқ екенін айтып, қазіргі үйді заманауи, отбасылық форматта сақтап қалуды сұрайды.
Бұған дейін бұл жер теліміне құрылыс компаниялары қызығушылық танытқаны айтылған. Мәжіліс депутаты мен қоғам белсенділері уәденің бұзылғанына алаңдаушылық білдірді. Ал білім басқармасы ғимарат апатты жағдайда екенін айтып, көшіру басталғанын растады.