Пәкістанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 170 адамға жетті

Пәкістанның шығысында толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 170-тен асты, олардың жартысына жуығы – балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі CNN-ге сілтеме жасап.
Ұлттық төтенше жағдайлар басқармасының (NDMA) мәліметінше, соңғы 24 сағат ішінде Пенджаб провинциясында болған нөсердің өзінен 54 адам қаза тапты. Үйлер қирап, жолдар бүлінген. 26 маусымнан басталған су тасқынында 85 баланың көз жұмғаны айтылды. Гуманитарлық ұйымдар су тасқынынан кейін балалар арасында жұқпалы аурулардың тарау қаупі жоғары екенін хабарлады.
Билік өкілдері бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді. Су деңгейі қауіпті деңгейге жеткен Равалпинди қаласына әскерилер жіберілген. Пәкістан метеорологиялық қызметінің мәліметінше, бейсенбі күні кей аудандарға түскен жауынның мөлшері 100 мм-ден асып кеткен.
Бүкіл мемлекет бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге арнап жеті гуманитарлық лагерь ашылды. Онда зардап шеккендерге азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек пен уақытша баспана беріліп жатыр.
230 миллионнан астам халқы бар Пәкістан климаттық дағдарыстың алдыңғы шебінде тұр. 2022 жылы Пәкістан тарихындағы ең жойқын су тасқыны болды. Елдің үштен бірі су астында қалып,1000-нан астам адам қаза тапты. Халық баспанасыз, азық-түлік пен ауыз сусыз қалды. Су қайтқан соң, әсіресе балалар арасында дизентерия, дене қызбасы мен безгек сияқты судан жұғатын инфекциялық аурулар кеңінен тарады.