Баянауылдағы Жасыбай демалыс аймағында көлік жотадан аударылып кетті

Павлодар облысының Баянауыл жеріндегі Жасыбай демалыс аймағында Hyundai Tucson маркалы автокөлік жотадан аударылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода көліктің төмен қарай сырғып, бірнеше рет аударылып кеткені көрінеді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді:
«16 шілде күні Баянауыл ауылының Жасыбай демалыс аймағында бұралаң жолмен төмен түсу кезінде Hyundai Tucson автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, еңіске қарай аударылып кетті. Жол апаты салдарынан 5 адам зардап шекті (2 адам сол жерде ауруханаға жеткізілді, 3 адам кейіннен медициналық көмекке жүгінді)», – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Azattyq Rýhy агенттігіне түсініктеме берді.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан түрлі жарақат алған 5 адам Баянауыл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Оларға жұмсақ тіндердің көгеруі, сызаттар, омыртқа және кеуде тұсының жабық жарақаттары, сондай-ақ сүйек сынуы күдігі бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – деп мәлімдеді.
Зардап шеккендер:
- 1962 жылы туған әйел: оң жақ білегі мен иығының жұмсақ тіндерінің көгеруі, мойын омыртқасының жұмсақ тіндерінің зақымдануы;
- 1975 жылы туған әйел: мойын омыртқасының көгеруі, оң қолының сызаттары мен жарақаттары;
- 1982 жылы туған әйел: бас жарақаты, кеуде тұсының жабық жарақаты, бел омыртқасының көлденең өсінділерінің сынуы;
- 2004 жылы туған бойжеткен: шынтақ буынының көгеруі, тізе буыны маңындағы сызаттар;
- 2017 жылы туған бала: алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, гипс салынған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бәрінің жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілген.
- 1982 жылы туған әйел Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасына,
- 2004 жылы туған қыз облыстық ауруханаға,
- 2017 жылғы бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Жол апатына байланысты Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан бейнематериал әлеуметтік желіде жарияланды.