«Ла-Скалаға» түскен тарихтағы үшінші қазақ: әйгілі Андреа Бочелли мақтаған Әйгерім Алтынбекпен сұхбат

Әлемдегі ең беделді классикалық музыка өнерінің ордасы «Ла Скала» театрының академиясына қабылданған Әйгерім Алтынбек Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат берді.
Қаршадай қазақ қызы 400 қатысушының ішінен оза шауып, таңдаулылар қатарынан көрінді. «Ла Скалада» Джузеппе Верди, Джоаккино Россини, Вольфганг Амадей Моцарт, Джакомо Пуччини сияқты ұлы композиторлардың шығармалары алғаш орындалған. Әлемнің ең үздік опера әншілері осы сахнада өнер көрсетуді мәртебе санайды.
Әйгерім үш жылдан бері Италияның Парма қаласында тұрады. Ол Аррино Бойто консерваториясындағы оқуын биыл аяқтап жатыр. Опера әншісі өзінің отбасы, өнердегі жолы мен армандары туралы әңгімелеп берді.
«Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қарасты Ақай деген ауылда дүниеге келдім. Қарапайым отбасымыз, үйде 4 баламыз, ағам мен әпкем және бір сіңілім бар. Анам мектепте музыка пәнінен сабақ береді, мені өнерге баулыған өзі. Әкем жақын жердегі қалада қарапайым жұмысшы болып істейді. Ата-анам кішкентай күнімнен қалдырмай конкурстарға қатыстыратын, сонда әкем өз көлігімен таситын еді. Бүгінгі күнгі жетістігім – сол кісілердің арқасы. Бес жасымнан бастап ән айттым. Кейін 9-сыныпты бітірген соң, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжіне түстім. Ол кезде эстрада әндерін ғана шырқап жүрген мен опера жанры туралы білмейтін едім. Сол жерде парасаты мен білімі бойына жарасқан ұстазым – Фируза Арғынбаев бойымдағы талантты көріп, операмен таныстырды. Өзі жетеледі. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтіп кетті. Алла Тағала тағы да аздаған ғұмыр бергенде ғой, шәкіртінінің жетістігін көріп бір марқаяр еді. Әр саханаға шығарда ұстазыма іштей алғыс айтамын. Ауылда эстрада әндерін айтып жүрген жерімнен классикаға көшу қиын болды. Кейін Астанадағы «Шабыт» университетіне түсіп, сахнаға опера әндерімен шыға бастадым. 2016-2020 жылдары Татьяна Руднева ұстазымның сопрана сыныбын аяқтадым. Италияға келуіме сол кісінің «тоқтама, жарыққа шық» деген бір ауыз сөзі себеп болды», — дейді өнер иесі.
Әйгерім Италияға келген кезде «Ла Скалада» оқуды көздеген. Түрлі халықаралық конкурстарға қатысып, шетел тілдерін үйреніп, қажымай еңбек еткенінің арқасында тарихта үшінші қазақ болып даңқты театрдың сахнасынан көрініп отыр.
Ол бұған дейін де «Ла Скалаға» шақырту алған, алайда олар 6 ай ғана мерзімді тағылымдаманы ұсынғандықтан, ел қатарлы емтиханнан өтіп толыққанды білім алып шыққысы келгенін айтады.
«Ла Скалаға» тапсыруға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 400 адамды көрдім. Соңында 12 адам ғана таңдалды. Бәсекелестік қатты болды. Іріктеу бес кезеңнен тұрды. Эмоционалды түрде қиын болды. Мұнда сіздің тек вокалдық дәрежеңіз ғана емес, актерлық дарыныңыз да, жүріп-тұруыңыз да, өзгелермен қарым-қатынас жасай алу қабілетіңіз де сыннан өтеді. Әуелі онлайн тыңдалым өтті. Екі ариядан жібердік. Оның ішінен іріктеліп шыққан 90 адамды үш күн бойы жанды дауыста тыңдады. Жартылай финалға 30 адам, ал финалға 18 адам өтті. Академияға қабылданған сәттегі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. «Ла Скала» сахнасында ән айту әр опера әншісі үшін мәртебе», — деді ол.
Әйгерім Алтынбек таяуда әйгілі тенор Хосе Каррерастың концертінде ән шырқап, аты аңызға айналған тенор Андреа Бочеллимен дуэт айтты. Жаһан жұртын аузынан қаратқан өнер иесі қазақ қызының талантын мойындап, мақтауын жеткізген.
«Андреа Бочеллимен дуэт айту өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі болды. Ол кісінің қасында сіздің бойыңыздағы қорқынышыңыз су сепкендей басылады. Ол маған «сенің дауысың жүрегіңнен шығады, өте шынайы» деді. Бұл мен үшін үлкен мақтау. Помпей залына 20 мың көрермен жиналды. Менің балалық арманым орындалды, ата-анамның тілегі қабыл болды. Осының алдында Астанада Хосе Каррераспен бірге өнер көрсеттік. Әлемдегі үш ұлы тенордың бірі ғой. Мұның бәрі мені шабыттандырады», — дейді опера әншісі.
Биыл Әйгерім Италияның театрларында әйгілі рөлдерді сомдамақ. Төрт қалада Пуччинидің «Богема» операсы қойылып, онда әнші Мими рөлін сомдайды. Болашақта «Травиата» операсындағы Виолетта мен «Богемадағы» Мюзеттаны ойнауды армандайтынын айтты. Өнер иесі шетелде алған білімін кейін қазақстандық жас таланттарға арнағысы келетінін атап өтті.
Айта кетейік, Әйгерім опера өнерінің еуропалық мектебін меңгеріп жүрген санаулы қазақ әншілерінің бірі.