Главное

Қапшағай су қоймасында демалып жүрген бойжеткен депутаттың көз алдында суға батып кетті (ВИДЕО)

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағайдағы «қоғамдық жағажайда» адам өліміне куә болғанын жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бір қыз бала қаза тапты – көз алдымда. Оны құтқарып қалуға болар еді!» – деді ол.

Депутаттың сөзінше, олар демалған жағажайда бейнебақылау камералары, құтқару шеңберлері, құтқару мұнаралары орнатылуы тиіс; құтқарушыларда дүрбілер, алғашқы медициналық көмек көрсете алатын медицина қызметкері, дауыс зорайтқыш, ақпараттық тақталар болуы керек. Өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы жоқ болып шыққан. Халықтан тек ақша жиналып, демалуға қолайлы, өркениетті жағдай жасалмаған.

«Суға кеткен қызға алғашқы көмекті қарапайым куәгерлер мен марқұмның туыстары көрсетуге тырысты, бірақ олардың қажетті дағдылары мен құзыреті болмады. Демалыс аймағының әкімшілігі де, иелері де, құтқарушылары да болған жоқ. Қызды құтқарғандар – құтқарушылар емес, қайықты жалға беретін қарапайым қайықшылар мен туыстары, куәгерлер. Осындай «жабайы» жағдайда Қапшағай жағажайларында, егер суға кетіп жатсаң, сені кәсіби құтқарушылар емес, теледидардан құтқару тәсілін көрген қарапайым демалушылар құтқаратынын, ал алғашқы көмекті медиктер емес, сол демалушылар көрсететінін түсінесің», – деді ол.

Бақытжан Базарбек елімізде туристік инфрақұрылымның адамға және оның жайлылығына арналып жасалмағанын атап өтті.

«Әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдардағы жемқорлардың қолдауымен бай «Буратиндер» барлық су қорғау аймақтары мен жолақтарды басып алып, “Resort”, “Royal”, “Beach” деген даңғаза атаулары бар демалыс аймақтарын ашып алған. Олардың кәріз жүйесі, электрмен және сумен қамтуы түсініксіз жағдайда», – деді депутат.

Ол Қапшағайда шын мәнінде қоғамдық жағажайлар жоқ екенін, су қорғау аймақтары мен жолақтары түгелдей жекеменшікке берілгенін немесе жалға алынғанын айтты.

«ЕГКН ақпараттық базасы бойынша мен Қапшағайда шамамен 300 демалыс аймағын есептедім. Олар «заңды» түрде су қорғау аймақтарын басып алып, қоршап алып, Михаил Козачков айтқандай, демалушылардан “алым” жинап отыр», – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, демалыс аймақтары мен жағажайлар – жергілікті прокурордың, бұрынғы облыс әкімі орынбасарының, аудандық полиция басқармасы басшысының, жергілікті депутаттың меншігінде қалып отыр. Ол қайғылы оқиғадан кейін Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Серік Тілемісұлы Мейрамбековпен байланысып, Қапшағайдағы су қорғау жолақтары мен жағалау демалыс аймақтарына ауқымды тексеріс бастайтынын хабарлаған.

«Оны мемлекетшіл, әділет үшін күресетін принципті адам ретінде білемін және сенемін– біз бірге Қапшағай су қоймасындағы заңсыз жекешелендірілген жағажайларды мемлекетке қайтарып, босатамыз. Тексерулер республикалық “Жер аманаты” жер комиссиясы аясында өтеді. Біз туризм саласындағы “заңсыздыққа” жол бергендерді заң жүзінде қатаң талаптармен және жауапкершілікпен шектеуге, оларды туризм саласына жолатпауға дайынбыз», – деп жазды Бақытжан Базарбек.

Другие новости

Back to top button