Главное
Израиль премьер-министрі Трампты Нобель сыйлығына ұсынды

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды. Ол мұны дүйсенбі күні өткен кешкі ас барысында хабарлаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Dailymail ақпаратына сәйкес, Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыстан кейін бітім орнаған соң Нетаньяху номинация туралы хатты Нобель комитетіне жолдаған.
«Сіз бұл сыйлыққа лайықсыз», – деді Израиль басшысы.
Трамп жаңалықты алғаш рет естігенін айтып, алғыс білдірді.
Трамп пен оның одақтастары бұған дейін де оны Нобель сыйлығына ұсыну мәселесін бірнеше рет көтерген. Израиль премьер-министрінің айтуынша, Дональд Трамп халықаралық аренада бейбітшілікті орнатуға үлес қосып, АҚШ-тың Израиль мен бірқатар араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге күш жұмсаған.
Кешкі ас барысында Трамп пен Нетаньяху Таяу Шығыстағы жағдайды, оның ішінде Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы сөйлескен.