«Оқу мен лагерьдің ақысын жымқырған»: Бишімбаев ісінде аты аталған блогердің анасы қамауға алынды

Астана қаласы әкімдігіне қарасты №81 Astana English School халықаралық мектебінің бұрынғы директоры Гүлнәр Садықова 900 млн теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Ол Бишімбаев ісінде есімі аталған блогер Индира Асанбаеваның анасы екені мәлім болды. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
«Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Астана әкімдігіне қарасты «№81 Astana English School халықаралық мектебі» КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде
Астана қаласы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, бұрынғы директор мен бас бухгалтердің 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды», – делінген Қаржы мониторингі агенттігі таратқан хабарламада.
Ведомство дерегінше, бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан балаларды дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатыстыру үшін қолма-қол алынған.
«Алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланған», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар.
Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табыстарға жалпы құны 382 млн теңге болатын мүлік сатып алған: коттедж, елордада екі пәтер және автокөлік.
Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынып, күдіктілер қамауға алынған.
Астана білім департаменті халықаралық мектептің бұрынғы директоры Гүлнәр Садықова 2024 жылы ресми түрде зейнетке шыққанын растады.
Гүлнәр Садықова – блогер Индира Асанбаеваның анасы. Индира Асанбаеваның есімі Бишімбаев ісі бойынша өткен сотта аталған еді. Марқұм Салтанат Нүкенованың құрбысының сөзінше, Дима Биланның концертінде экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Индира Асанбаева бір-бірімен сүйісіп амандасқаннан кейін ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Кейін Индира Асанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында концертке құрбысымен барғанын, Бишімбаевпен сыпайы ғана амандасқанын жазған еді.