Главное

ҚМДБ еліміздегі мұсылмандарды түсіністікпен қарап, никабқа тыйым салуды қолдауға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) елімізде бет-әлпетті толық жабатын киімге, соның ішінде никабқа тыйым салу мәселесін қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Басқарма өкілдері бұл шара дінге қарсы емес, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отырғанын атап өтті.

«Бұл шешім діни сенімдер мен жеке таңдауларды шектеу үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Бүгінде әлемнің көптеген елдері, соның ішінде мұсылман мемлекеттер де осындай шараларды қабылдап жатыр», – делінген ҚМДБ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

ҚМДБ-ның ресми мәлімдемесінде никаб киюге (бет-әлпетті толық жабатын киім) тыйым салу – ислам талаптарына қайшы емес екені көрсетілген. Онда Құран аяттары мен Пайғамбар Мұхаммедтің хадистерінен үзінділер келтіріліп, әйелдерге денесін жабу жеткілікті. Ал беті мен қолының білезікке дейінгі бөлігі ашық қалуына болады деп түсіндірілген.

«Құран мен хадистерден байқағанымыздай, әйелдерге бет-жүзін жабу міндетті емес. Бұл дәстүр біздің халқымыздың салт-дәстүрінде де кең тарамаған», – деп түсіндірді діни басқарма.

Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, ислам әрдайым қоғамдық тәртіпті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қолдайды. Жаңа заңнамалық өзгерістер дін ұстанушылардың құқығын шектемейді, керісінше, қоғамдағы келісімді сақтау мақсатын көздейді.

«Қазақстан мұсылмандарының біртұтас діни қауымдастығы ретінде біз қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті және келісімді ең басты құндылықтардың бірі деп санаймыз. Ислам – қоғаммен үйлесімді өмір сүруге, тәртіп сақтауға және мемлекет ішіндегі бейбітшілікке шақыратын дін», – делінген ҚМДБ хабарламасында.

ҚМДБ Қазақстан мұсылмандарын бұл өзгерістерге түсіністікпен қарауға шақырып, бірлік пен келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Другие новости

Back to top button