Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Кәрім Көкірекбаев, оның орынбасары Әділет Ахатаев және мердігер Андрей Поплавскийге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
- К. мен А. лауазымды тұлғалар бола отырып, ТОО директоры П.-мен (Поплавский) алдын ала келісіп, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін аса ірі көлемде пара алған;
- П. шын мәнінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысты жалған актілерге қол қоюды ұйымдастырған;
- Осы әрекеттер нәтижесінде мемлекетке 1 987 827 622,63 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Қылмыстық кодекс баптары бойынша:
- К. мен А. – ҚК 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара алу),
- П. – ҚК 195-бабының 4-бөлігі 2) тармағы (мүліктік залал келтіру) және 367-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара беру) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен:
- Кәрім Көкірекбаев 12 жылға,
- Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский әрқайсысы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Барлық сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 7 маусымында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақтаған. Оның орынбасары Ахатаев пара алғаны үшін, ал Bazis Construction Infr ЖШС филиалының директоры Поплавский аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылып, екеуі де сот шешімімен 11 жылға сотталған.
Алматы облысының прокуратурасы бірінші сатыдағы соттың қателіктеріне байланысты Көкрекбаев үкіміне апелляциялық шағым түсірді.
2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты апелляцияны қанағаттандырып, істі қайтадан қарауға жіберді. Үкімнің күшін жойды. Кәрім Көкрекбаев сот залында қамауға алынды.