Главное

Мұғалімдерді кәсіподақтан шыққаны үшін қудалау: министр мен депутат не деді

Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов кәсіподақтан шыққан мұғалімдердің қудалануына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аймағамбетовтің айтуаныша, «Педагог мәртебесі» заң жобасы аясында мұғалімдердің құқығы қорғалған.

«Кәсіподақ — оларды қорғау үшін құрылған ұйым. Егер оларды кіруге мәжбүрлеп жатса, бізге, тиісті министрлікке, прокуратураға жүгінуіне болады. Кәсіподақтар бойынша бізге де шағымдар келіп жатады. Бұл жерде біздің әріптестеріміздің жеке ұстанымы болуы керек. Егер «жоқ, жалақымның бір пайызын төлемеймін, кірмеймін» десе, оны ешкім мәжбүрлей алмайды. Егер мәжбүрлесе, ол — заңды бұзу. Ол бойынша нақты шаралар қабылданады. Кәсіподақтар мұғалімдерді мәжбүрлемек түгілі, қолдауы керек», — дейді Асхат Аймағамбетов.

Редакция тілшісі бұл мәселеге қатысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың пікірін де сұрап білді.

Министрдің айтуынша, кәсіподаққа қосылу немесе қосылмау әр мұғалімнің жеке мәселесі.

«Егер де мектеп басшылығы, өзге де тұлғалар мұғалімдерге қысым көрсетіп, одаққа өту жайлы міндеттейтін болса, біздің әр аймақта сапаны қамтамасыз ететін департаментіміз бар. Мен оларға ескерткенмін. Оларға барып, шағымдануына болады. Біз бұл мәселені бірден тоқтатамыз. Мен кәсіподақ басшысына бұл мәселені айтқанмын. Мұғалімдер оған мүдделі болмауы керек. Кәсіподақтарға өтпесе де қызмет көрсетуі керек. Халық олардың кәсібиліктерін көрсе, өздері барады деп ұсыныс бердім. Мұғалімдерді ешкім мәжбүрлей алмайды, осыны шегелеп айтамын», — деп түйіндеді министр.

Другие новости

Back to top button