Парламент депутаттары каникулға кетті — ІІІ сессияда 39 жалпы отырыс өтіп, 89 заң қабылданған

Бүгін сегізінші шақырылымның үшінші сессиясын қорытындылауға арналған Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттар биыл 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул жариялау туралы арнайы қаулыны қабылдады. Үшінші сессияда 39 жалпы отырыс өтіп, 249 мәселе қаралды және 89 заң қабылданды.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов атағандай, мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері атына 461 депутаттық сауал жолданып, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер қозғалған.
«Осы парламенттік маусымда депутаттар халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін өзекті мәселелерді шешу жайын назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, балаларды кешенді түрде қолдау шаралары жалғасын тапты. Өткен сессияда Ұлттық қор балаларға заңын қабылдаған едік. Сол жұмыстың жалғасы ретінде осы сессияда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің заңнамалық негізі жасалды. Жинақталған қаражатты еліміздегі және шет мемлекеттердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға, тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл мемлекет тарапынан балалардың білімі мен болашағына салынатын игі инвестиция», — деді Қошанов.
Сондай-ақ депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға қатысты нормалар енген.
«Енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары білім беру грантын конкурссыз иеленіп, оны «Болашақ» бағдарламасы аясында да ала алады. Бұл оқуда үздік нәтиже көрсеткен балаларға деген мемлекеттің шынайы қамқорлығы. Осы сессияда азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылды. Депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қарады. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа базалық медициналық көмек көрсетіледі. Жұмыссыз жүрген және жұмыс істемейтін адамдар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын жергілікті бюджет төлейтін болды. Ұсынылған шаралардың арқасында миллионнан астам қазақстандық қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылады», — деді Ерлан Қошанов.
Бұдан бөлек, Мәжіліс төрағасы міндетті онкологиялық скрининг енді мемлекеттік тегін медициналық көмек қызметтер тізбесіне енгенін айтты.
«Бұл маңызды шара үш жарым миллион адамды қамтыған, құлағы нашар еститін, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протездері мен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл шара көп адамның, әсіресе балалардың өмірін жақсартуға, олардың әлеуметтік ортаға оңай бейімделуіне мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында әлі де түйткілді мәселелер бар. Осы жұмысты Үкіметпен бірге келесі сессияда тағы да қарастырамыз. Қызметтік міндетін атқару үстінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсету шаралары әлеуметтік әділеттілік жолындағы елеулі қадам», — деді Ерлан Қошанов.